"111 194 адам эвакуацияланды": ТЖМ өкілі елдегі су тасқынына қатысты жаңа мәлімет берді
Жарияланған күні:
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқыны жағдайы туралы жаңа мәліметтерді ОҚК өткен Республикалық ақпараттық штаб брифингінде жария етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ерасыл Сайпаштың айтуынша, бүгінгі таңда 11 950 адам өз үйіне оралды. 6 746 адам, оның ішінде 2 967 бала эвакуациялау пункттерінде. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды.
"Жұмылдырылған күштер мен құралдар 9,5 млн текше метр еріген қар суын сорып шығарды, 2,2 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселген.
3 511 тұрғын үй мен 2 157 аула аумағынан су бұрылды. Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында шамамен 5,4 мың жеке тұрғын үй, 1 617 аула аумағы және 2 035 саяжай үйі су астында қалды", - деді ол.
Ерасыл Сайпаш авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 101 адам, 4 182 техника, 853 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылғанын атап өтті.
"Есіл, Қоңыр, Торғай өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақмола облысы Атбасар ауданының Самара ауылында, Жарқайың ауданының Пригородное, Құмсуат ауылдарында, Бұланды ауданының Новобратск, Никольск ауылдарында, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының Борки шағын ауданында, Хромзауыт шағын ауданы жанындағы Карьерная көшесінде, Қызылжар ауданының Соколовка, Большая малышка ауылдарында, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра ауылында 196 жеке тұрғын үй мен 42 аула аумағы су астында қалды. 1 821 адам алдын ала эвакуацияланды", - деді спикер.
Зардап шеккен өңірлерге 1 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085203-111-194-adam-evakuaciyalandy-tzm-okili-eldegi-su-tasqynyna-qatysty-zana-malimet-berdi/