Астанада жол жөндеуге байланысты Тұран даңғылы жартылай жабылады
Жарияланған күні:
Осы аптада елордада жол жөндеу жұмыстарына байланысты Тұран даңғылы жартылай жабылады. Сондықтан кейбір автобустардың жүру бағыты өзгереді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана әкімдігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.
Биыл Тұран даңғылы бойынша Керей-Жәнібек хандар көшесінен Жұлдыз айналымына дейінгі учаскеде жол төсеміне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстар учаскелердің тоқсан сайын жабылуымен кезең-кезеңмен жүргізілетін болады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, 2023 жылы Тұран даңғылы бойынша "Тұлпар" көпірінен Сарайшық көшесіне дейінгі учаскеде жол жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ ведомство ақпараты бойынша, 19-24 сәуір аралығында жөндеу жұмыстары Керей-Жәнібек хандар көшесінен Орынбор көшесіне дейінгі учаскеде жүргізіледі. Осыған байланысты Сығанақ көшесінен Орынбор көшесіне дейінгі Тұран даңғылының учаскесі ішінара жабылады. Бұл ретте автокөлік құралдарының қозғалысы бір бағытта (қаладан әуежайға қарай) жүзеге асырылатын болады.
"Елорда тұрғындары мен қонақтарынан қала жолдарындағы кептелістерді болдырмау мақсатында өз маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз және жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуге түсіністікпен қарауды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде қалалық қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс схемасы өзгертіледі. Өзгерген автобус бағыттарын Сity Transportation Systems ЖШС ресми сайтынан білуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085482-astanada-zol-zondeuge-bailanysty-turan-dangyly-zartylai-zabylady/