Арнайы ХҚКО қызметкері мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірді деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚаржылық мониторинг агенттігі ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпаратты енгізу арқылы жүк көліктерін заңсыз тіркеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Тергеу барысында 2022 жылдың наурыз айы мен қыркүйек айларының аралығында Қонаев қаласы "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ мамандандырылған ХҚКО қызметкері 413 жүк көлігінің бастапқы тіркеуін жүргізу барысында көлік құралдарының санатына қатысты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізген", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпараты бойынша, осылайша мемлекеттік бюджетке 3 млрд 156 млн теңге көлемінде көлік құралдарын бастапқы тіркеу алымы түспеген.
Сот шешімі бойынша, аталған азаматты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеп-тексеру жалғасып отыр, өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабына сәйкес, жариялауға жатпайды.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп саналатынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086484-arnaiy-xqko-qyzmetkeri-memleketke-3-mlrd-tengeden-astam-zalal-keltirdi-degen-kudikke-ilindi/