Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында бес оқушының мектепте неден иістенгені белгілі болды

Жарияланған күні:

Мектеп ішінде кетіп бара жатқан оқушы
Мектеп дәлізі. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облысы Жалқамыс ауылында оқу жылының аяқталғанын күтпей мектепте сырлау жұмысы жүріп, оқушылардың денсаулығына әсер еткен. Салдарынан 5 бала иістеніп, олардың екеуі ауруханаға түскен. Мектеп директорының ісіне қатысты тексеріс тобы құрылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, оқу жылы аяқталмай жатып, кабинеттері сырланған мектепте бояу иісінен 5 оқушы иістеніп, бір жеткіншектің ауруханада ем алуына тура келді. Оқиға Талғар ауданына қарасты Жалқамыс ауылында болған. Анықталғандай, білім ордасында табан асты еден сырлап, қабырға бояуды ауысып келгеніне 1 аптадай ғана болған директор тапсырған. "Кабинеттің тазалығын қаладым" деген ол иістің кетпей қалуына ауа райын себеп қылды.

"Мектеп бөлмелеріне сырлау жұмыстары жүргізілген. Соның кесірінен менің балам талып жатыр. Міне, №15 мектепте 7-сыныпта оқитын менің ұлым жедел жәрдемде жатыр", - дейді оқушының ата-анасы.

Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, сол күні 2 кабинет қана сырланған. Бірі – қабылдау бөлмесі, ал екіншісі – оқушылар сыныбы. Директор өз жоспарын аудандық білім бөліміне де, сонда оқитын балалардың ата-аналарына да хабарламапты. Бояу сіңбей жатып кабинетте сабақ та өткізілген.

"Жұма күні жұмыс аяқталғаннан кейін, балалар тараған соң, жуып-тазалап, ақтап, боядық. Сол күні ауа райы аздап салқын болды. Күн ыстық болса тез кеуіп кетер еді. Күн салқын болған соң, бояу кеппеді", - деді Жалқамыс ауылы №15 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Гүлназ Әліғожаева.

Басы дауға қалған директордың айтуынша, мұнда 0-сынып балалары оқып келген. Бірақ қазір, шудан кейін, кабинет толық жабық тұр.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басы айналған 5 оқушыға да "Бояудан иістену" диагнозы қойылғанын мәлімдеді.

"Жалғамыс дәрігерлік амбулаториясына №15 орта мектепте оқитын 5 оқушы жүрек айнуы, бас ауруы және бас айналуы туралы шағымдармен түсті. Диагноз: бояу иісінен улану", - дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.

Иістенген 5 бала да үйіне жіберілді. Шу шыққан білім ордасында сабақтар өтіп жатыр. Мектеп директорының ісіне қатысты тексеріс тобы құрылды.

"Директорды ақтап жатқан жоқпыз. Ісі дұрыс болмаған соң келіп отырмыз. Ол кісіден түсініктеме аламыз, алып та қойдық. Одан кейін мұғалімдерден не себепті сырлау жүргізілгенін, неге осылай болғанын анықтаған соң сіздерге толық ақпарат береміз", - деді Талғар аудандық Білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Үкібасов.

Ішкі тексеріс жүргізуге келген маманның айтуынша, жоспардан тыс сырлау-әктеу жұмыстарына қаржы қайдан табылғаны да анықталады. Ал директор жоспарының демеушілердің көмегімен іске асқанын айтып отыр. Мәлім болғандай, Жалқамыстағы жалғыз мектепте орын да тапшы. 300 балаға арналған білім мекемесінде 900-ге жуық оқушы дәріс алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086787-almaty-oblysynda-bes-oqusynyn-mektepte-neden-iistengeni-belgili-boldy/