Әйгілі Черчилльмен кездескенде киген киімі де бар: Қаныш Сәтбаевтан қалған құнды жәдігерлер туралы не білеміз (фото)
Жарияланған күні:
Павлодар қаласына "Қазақтың Қанышы" атты жылжымалы көрме келді. Көрмеде жиналғандарға Қаныш Сәтбаевтың әйгілі Уинстон Черчилльмен кездескенде киген киімі таныстырылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Басылым ақпаратынша, С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада көрнекті ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш академигі және президенті, Қазақстанның геологиялық мектебі мен металлогениясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған "Ғылым күні" ұйымдастырылған.
Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайының әдіскері Гауһар Балабаеваның айтуынша, Қаныш Имантайұлының 125 жылдық мерейтойына орай жалпы облыстың, республиканың түкпір-түкпірінен жылжымалы көрме ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар көптеп түскен.
"Жалпы біздің мұражай қорында Қаныш Сәтбаевқа тиесілі 3200-ден аса жәдігер бар. Оның ішінде 1600 данасы академиктің өзіне тиесі заттары. Бүгінгі көрмеге ұсынылған құнды жәдігерлердің бірі – 1947 жылы Англияға барған іс-сапарында, саясаткер Уинстон Черчилльмен кездескен кезде киген кашемир пальтосы, шляпасы, аяқ киімі. Қаныш Сәтбаевтың сол бейнесін көріп саясаткер қатты таңғалғанын бәріміз білеміз", - деді Гауһар Балабаева.
Сондай-ақ көрмеде геологтың костюмі, мұражайға академиктің қызы сыйға тартқан домбырасы, көзілдірігі, қаламы, шақшасы, жер астына түскен кезде басына киген каскасы, қолына ұстаған балғасы, бала күнінде тақымы тиген ертоқымы мен қамшысы сияқты 30 жәдігер назарға ұсынылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086859-uinston-cercillmen-kezdeskende-kigen-kiimi-de-bar-qanys-satbaevtan-qalgan-qundy-zadigerler-turaly-ne-bilemiz/