"Жол-пұлымызды әрең тауып отырмыз": Ақтөбе облысында елуден аса жұмысшы жалақысын ала алмай жүр
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысының 50-ден астам тұрғыны бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүргенін айтып, шағымданды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы ақшаны сот орындаушылары арқылы өндіріп береміз деп уәде етті, бірақ нақты уақытын айтпайды, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайты.
Телеарна ақпаратынша, Ақтөбе облысында Шалқар көлін тазартқан жұмысшылар жарты жылдан бері жалақысыз жүр. Елуден аса адам бұдан бөлек Бозой бағытындағы жол құрылысында да еңбек еткен. Бірақ жаңа жылға жетпей бір тиын бермей қойды деп ашынады жұмысшылар.
"2023 жылдың қарашасынан бастап биылдың наурызына дейін айлық алған жоқпыз. Кредитіміз бар. Бермеген соң келіп тұрмыз", - дейді Шалқар қаласының тұрғыны Мұхтар Досанов.
Бегімбет ауылының тұрғыны Айгүл Бекмағанбетова көршілерінен ақша сұрап, жолақысын әрең тауып отырғанын айтады.
"Отырмыз ғой, айлығымыз жоқ. Көршілерімізден ақша сұрап, жолақымызды әрең тауып отырмыз. Балам колледжде оқиды. Бәрін айттым, түсіндіріп. Жасыратын ештеңем жоқ. Алланың жолында жұрміз, пендеміз. Қазақша да айттым. Бізді осыған жеткізіп отыр ғой. Жылап та айттық, құлап та айттық. Қайда? Бермейді", - дейді ол.
Телеарна тілшісінің мәлімдеуінше, "Гидросервис Ақтөбе" компаниясынан айлығын даулаған жұмысшылардың бәрі Шалқар ауданының тұрғындары. Туған жеріндегі көлдің батпағын тазартып, осы уақытқа дейін күні-түні жұмыс істеген.
Ал "Гидросервис Ақтөбе" басшысы екі жарым миллиардттық тендерді ұтқан Tolagai-2050 фирмасы ақша аудармай қойғанын айтты. "Екі ортада еңбегіміздің ақысын ала алмай біз жүрміз" деп ашынады жұмысшылар. Олар еңбек инспекциясынан бастап сотқа да жүгінген. Алайда нәтиже жоқ. Еңбек инспекторлары сот орындаушылары арқылы өндіріп береміз деп уәде етеді. Бірақ нақты уақытын айтпайды.
"Нұсқама бердік. Айыппұл салдық. Енді материалдардың бәрі жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Не себептен орындалмай жатқанын айта алмаймын. Бір жағында қаржы қиындығы дейді, қаражаттың болмауынан ақшасын төлей алмай отырмыз дейді", - дейді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Исқарин.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087456-zol-pulymyzdy-aren-tauyp-otyrmyz-aqtobe-oblysynda-eluden-asa-zumyssy-zalaqysyn-ala-almai-zur/