345 миллион теңге пара: Антикор "Алматы су" бас директорының орынбасарын ұстады (видео)
Жарияланған күні:
"Алматы Су" бас директорының орынбасары және Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Агенттіктің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, тергеу нұсқасы бойынша, "Алматы Су" ШЖҚ МКК бас директорының орынбасары жергілікті кәсіпкерден орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және жасалған мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша ақшалай қаражат төлегені үшін 345 млн теңге көлеміндегі бұрын келісілген сомадан 75 млн теңге алған.
Бұдан бөлек, Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысын жалпы қамқорлығы мен келісімшартты ұзартуға және жер қойнауын өндіру көлемін ұлғайту рұқсатына қол қойғаны үшін айтарлықтай мөлшерде пара алды деген күдік бойынша ұстады.
Ведомство өкілінің хабарлауынша, күдіктілерге қатысты соттың санкциясымен "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
"Аталған істер бойынша тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген Антикор хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087516-almaty-su-bas-direktorynyn-orynbasary-men-qyzylorda-oblysynyn-kasipkerlik-basqarmasynyn-bassysy-ustaldy/