ШҚО-да полиция подполковнигін қосқанда 9 адам 100 мың теңге пара үшін сотталды
Жарияланған күні:
Өскеменде тәртіп сақшылары пара алғаны үшін сотқа тартылды. Оларға айыппұл түріндегі жаза тағайындалды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Соттың ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Өскемен қаласының №2 сотында тоғыз адамға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Олардің бірі – құқық қорғау органы қызметкеріне пара алған (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы) деген айып тағылған. Ал үш адам лауазымды тұлғаға пара беру (Қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі), қалған бесеуі пара беруге көмектесу және парақорлыққа делдалдық (367-баптың 2-бөлігі және 368-баптың 2-бөлігі) баптары бойынша сот алдында жауап берді.
"Азамат құқық қорғау органының қызметкері, яғни лауазымды тұлға бола тұра, 2022 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында РФ-да тіркелмеген көлік құралдарының айыппұл тұрағына қабылдау-тапсыру актілері мен рұқсаттарды заңсыз бергені үшін 100 мың теңге көлемінде пара алды", - делінген сот хабарламасында.
Азаматтар екі полиция капитаны арқылы пара сомасын жоғарыда аталған лауазымды тұлғаға тапсырған. Ал үш айыпталушы пара беруге көмектескен.
"Іс прокурор мен сотталушылар арасында жасалған кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісіммен сотқа түсті, осыған сәйкес прокурор айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады", - дейді сот өкілдері.
Жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуі, сотталушыларда жас балалардың болуы, залалды өтеуі танылды.
Ал антты бұзуы жазаны ауырлататын мән-жәй ретінде танылды.
Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, процессуалдық келісімде көрсетілген прокурор ұсынған жазаның түрі және мөлшерімен келісті.
Пара алған тәртіп сақшысына 3,5 миллион теңге айыппұл салынып, Қылмыстық кодекстің 40 және 49-баптарына сәйкес полиция подполковнигі арнайы атағынан айырылды.
Лауазымды тұлғаға пара бергендер 6 және 4 млн теңге көлемінде айыппұл алса, біреуі 300 мың теңге ғана төлейтін болды.
Пара беруге көмектескендердің біріне 4 жыл 7 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Тағы екі сыбайласы әрқайсы 4 млн теңгеден айыппұл төлеуге тиіс.
Сондай-ақ парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін екі полиция капитаны шенінен айырылып, 1,5 млн теңге және 2 млн теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087723-sqo-da-policiya-podpolkovnigin-qosqanda-9-adam-100-myn-tenge-para-usin-sottaldy/