ІІМ елордада теракт болды деп тараған видеоны жоққа шығарып, қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігінің өкілдері терроризм актісі туралы видеоға қатысты пікір білдірді. Астана қаласы полиция департаменті жалған хабарлама таратылғаны үшін жауапкершілік барын еске салды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
18 сәуірде Telegram желісінде елордадағы мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы хабарламалар тараған.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Хабарламада көрсетілген орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданды. Осыған байланысты дүрбелеңге салынбай, ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", - деді ведомство өкілдері.
Ақпаратты тексеру кезінде бұған дейін Ресей Федерациясының бірқатар өңірінде осындай хабарламалар тарағаны анықталған.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, Telegram желісінде жарияланған видео жалған және 2024 жылдың 31 қаңтарында Ресей Федерациясының Калуга қаласында түсірілген.
"Биыл ақпанда Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанай қалаларында осындай хабарламалар тараған болатын. Жалған хабарды таратқаны үшін Қарағанды және Қостанай қалаларында кәмелетке толмаған балалар ұсталған. Олардың жасы ескеріліп, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жалған ақпарат тарататын арналарды бұғаттау туралы мессенджер әкімшілігімен жұмыс жүргізіліп жатыр.
ІІМ өкілдері Қылмыстық кодексте терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087732-iim-elordada-terakt-boldy-dep-taragan-videoga-qatysty-pikir-bildirdi/