Алматы облысында көпбалалы ана банкрот деп танылды
Жарияланған күні:
Алматы облысында сот көпбалалы ананы банкрот деп таныды. Бірақ банк бұл шешіммен келіспей, апелляцияға шағым түсірген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық соттың Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық сот баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 2007 жылдың жазында әйел банкпен несие келісімшартын жасасқан. Алайда несие мерзімін кешіктіріп, өтей алмағандықтан, оның қарызы 10,8 млн теңгеге жоғарылап кеткен.
Көпбалалы ана банк алдындағы қарызын өтеу үшін 2009 жылдың қарашасында сатып алу-сату шарты бойынша өзінің төрт бөлмелі пәтерін банктің рұқсатымен 4,7 млн теңгеге сатқан.
Кейін қарыздың қалған бөлігін өтеу кестесін құрып, мерзімі өткен негізгі қарызды, сыйақыны кешірек төлеу туралы ұсыныстарын жіберген.
Алайда соның өзінде әйел қарызын толық өтей алмаған. Осыған байланысты қарыз алушы сотқа өзіне қатысты банкроттық туралы сот рәсімін қолдану туралы арызбен жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот арызданушының талабын қанағаттандырған. Бірақ банк бұл шешіммен келіспей, апелляцияға шағымданған.
Апелляциядан соң қарыз алушы халықтың әлеуметтік осал тобына жататыны анықталған. Әйелде 7 баласы бар, жұмыс істемейді, банк алдындағы берешегін өтеу үшін кіріс көзі немесе мүлкі жоқ.
"Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы" Заңының 1 және 6-баптарының талаптарына сәйкес, банкроттық туралы сот рәсімін қолдануға негіз бар.
Арыз берген кезде борышкердің мүлкі, ақшалай қаражаты және басқа да құндылықтары болмаған, ай сайын 95 мың теңгеге жуық мемлекеттік жәрдемақы алады, басқа кіріс көздері анықталмаған, зейнетақы жарналары жоқ", - делінген хабарламада.
Осылайша Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың жеке тұлғаны банкрот деп тану туралы шешімін күшінде қалдырған.
Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2088998-almaty-oblysynda-kopbalaly-ana-bankrot-dep-tanyldy/