Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қытайда балалар толық форматын пайдалана алмайды": депутат TikTok-ты шектеуді ұсынды

Жарияланған күні:

Tiktok
Tiktok. Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Сайыров TikTok желісінің бала психикасы мен денсаулығына залал келтіріп жатқанын айтты. Ол TikTok-ты кәмелет жасына толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай еліндегідей балаларға арналған форматын ғана қолдануды ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат аталған әлеуметтік желідегі адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контентке шектеу қою, балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаттау қажет деп мәлімдеді.

"Балалар арасында кеңінен танымал TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті", - деді ол.

Оның сөзінше, түрлі ойынды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр.

"Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Бізбен көптеген ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды.

Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралып жатыр", - деді ол.

Мәжіліс депутаты әлемде бірнеше ел TikTok-қа шектеу қойғанын атап өтті.

"Үндістан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп 2020 жылдан бастап TikTok-қа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап TikTok желісіне тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді. Ал АҚШ үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефонына TikTok орнатуға тыйым салды. Ал TikTok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға "арнайы бала – TikTok" контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған", - деді Ерлан Сайыров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2089211-qytaida-balalar-tolyq-formatyn-paidalana-almaidy-deputat-tiktok-ty-sekteudi-usyndy/