"Болашақ күйеуі хабарласқан": Ақмолада әріптесі жанұшыра іздеген ару пойыздан табылды
Жарияланған күні:
Ақмолада әріптесі жанұшыра іздеген ару тұрмысқа шығу үшін басқа қалаға кеткен болып шықты. Полицейлер 21 жастағы көкшетаулық бойжеткеннің орналасқан жерін анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомство мәліметінше, 22 сәуірде аудандық полиция бөліміне мектепте оқытушылық тәжірибеден өтіп жүрген қыздың әріптесі хабарласып, жас мұғалім із-түссіз жоғалып кеткенін айтқан.
Көп ұзамай тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын өткізіп, жоғалған арудың орналасқан жерін анықтаған. Ол Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызынан табылған.
"Бойжеткеннің сөзінше, оған болашақ күйеуі хабарласып, туыстарын құдалыққа жіберетінін айтқан. Ата-анасының үйіне асығып жолға шыққан ол әріптестеріне ескертуге тырысқан. Алайда мобильді байланыстың ақауынан ешкіммен байланыса алмаған", - деді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Полицейлер қызға қатысты ешқандай қылмыс пен құқықбұзушылық жасалмаған деп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090573-aqmolada-ariptesi-zhanushyra-izdegen-aru-turmysqa-shygyp-ketken/