Алматы облысында ұлтаралық араздық қоздырған тұрғын сотталды
Жарияланған күні:
Алматы облысы Ұйғыр ауданының аудандық сотында ұлттық араздықты қоздыру дерегі бойынша іс қаралды. Бұл туралы Алматы облысы соттарының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Іс Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған. Оқиға 2023 жылдың 6 қарашасында болған.
"Сағат 19:00 шамасында азаматша М. азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған ұлттық алауыздықты қоздыру мақсатында бір ұлт пен діннің екіншісінен айрықша және артықшылығын білдіретін аудиожазбаны WhatsApp мессенджеріндегі көршілерінің әртүрлі ұлт азаматтары бар чатына жіберген. Аталған аудиожазба қоғамдық тәртіпті бұзып, Ұйғыр ауданының тұрғындары арасында наразылық тудырған", - делінген сот хабарында.
Прокурор сотталушыға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, шын ниетпен өкініп, соттан бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.
Сондай-ақ сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденіп, расталған, атап айтқанда: сотталушының айғақтарымен, куәгерлердің жауаптарымен, заттарды тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындысымен және басқа да объективті дәлелдемелермен өз дәлелін тапқаны айтылады. Сот шешімімен, азаматша кінәлі деп танылып, оған Қылмыстық кодекстің 44-бабының 2-бөлімінде көзделген міндеттерді орындай отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
️Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091302-almaty-oblysynda-ultaralyq-arazdyq-qozdyrgan-turgyn-sottaldy/