Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үш айлық баласына асыққан": Алматыда автобус апаты бойынша істе сотталушының анасы сөз сөйледі

Жарияланған күні:

Оқиға орны
Оқиға орны. Фото: NUR.KZ / Юлия Абрамова

Алматыда жолаушылар автобусы ұшыраған жол-көлік оқиғасы бойынша істе сот жарыссөзі аяқталды. Сот отырысы барысында сотталушы Дархан Ахметжановтың анасы сөз сөйледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Ең алдымен, қайтыс болған кісілердің туыстарына, бала-шағаларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Бұлай боларын ешкім білмеді. Ұлым Ахметжанов Дархан бала кезден дұрыс тәрбие көріп өскен адам. Оқу орнын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу. Ешқандай дөрекі қылығы жоқ, болмаған. Мұғалімдері, достары, таныстары барлығы оны біледі. Қандай да бір бұзақылық үшін ұсталмаған, полиция учаскесіне түсіп көрмеген... Жұмысын істеп, үш баласын асырап, өзімен-өзі жүрген адам еді", - деді сотталушының анасы.

Сот отырысы кезінде Дархан Ахметжановтың анасы көз жасына ерік берген. Әйел бұл жағдай отбасы үшін ауыр тигенін айтты.

"Ол (сотталушы - ред.) сол күні кішкентай үш айлық баласына жұмыстан асығып бара жатқан. Ойында еш нәрсе жоқ еді. Әдетте ол жаяу жүретін. Бірақ сол күні ол баласына асыққандықтан, 3 аялдаманы автобус арқылы өту туралы шешім қабылдаған. Оған келіншегі хабарласып, үш айлық бала жылап, қарны ашып жатқанын айтып, тез арада смесь алып келуін өтінген.

Ол жол ақысын төлеуден жалтарған жоқ, SMS арқылы төлеген. Алайда төлемнен өтпеген. Жүргізуші көрсет деп шақырып алып, әрі қарай есікті ашпай, екі аялдамадан өтіп кетіп, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Оның үстіне ол (сотталушы - ред.) баласына асығып тұрғанын жүргізушіге айтқан. Шукебаева бой бермей, аялдамада тоқтамай, намысына тиетін сөздер айтып, қайғылы оқиғаның болуына әсер еткен", - деді сотталушының өкілі.

Әйелдің айтуынша, оның ұлы Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша кінәсін мойындайды.

"Алайда ҚР ҚК-ның 351-бабы бойынша (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет) Шукебаеваны кінәлі деп есептеймін.

Бұл жағдайда Ахметжанов арандатуға түсіп қалды деп ойлаймын. Шукебаева есікті ашып, түсіре салса, намысына тиетін сөздерді айтпаса, мұндай жағдай болмаушы еді. Ол адамдардың өміріне жауапты ғой", - деді әйел.

Сотталушының анасы судьядан барлық жағдайды ескеріп, әділ шешім шығаруын сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091809-ush-ailyq-balasyna-asyqqan-almatyda-avtobus-apaty-boiynsha-iste-sottalushynyng-anasy-soz-soiledi/