Ақтөбе облысында оқ-дәрі жарылып, әскери қызметкер қаза тапты
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу алаңы оқ-дәрілерден толық тазартылмаған болып шықты. Жарылыс салдарынан әскери қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды ҚР Әскери сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Соттың ресми сайтында хабарланғандай, Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қызметке салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соқты деп айыпталған әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі).
Бұйрыққа сәйкес, оқу полигонындағы жарылыс оқ-дәрілерін залалсыздандырып, одан қалған жарамсыз металл қалдықтарын тазалау жұмыстары сотталушыға жүктелген.
"Алайда сотталушы қызметтік міндеттеріне салғырт қарап, оқу полигонын тазарту жұмыстарын ауызша бұйрығымен әскери қызметшіге тапсырған. Ол өз кезегінде сотталушыға оқ-дәрілерді залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды толық аяқтамай, оқу полигонын тазарту жөніндегі тапсырма орындалғанын баяндаған", - деп анықтады соттағылар.
Осы оқу полигонында тұрмыстық қалдықтарды жинау барысында алдыңғы оқу жарылысының залалсыздандырылмаған қалдықтарының арасында белгісіз оқ-дәрі жарылып, салдарынан бір әскери қызметші қаза болған, ал екінші әскери қызметші ауыр дене жарақатын алған.
Сотталушының кінәсі дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен дәлелденді: жәбірленушілердің айғақтары, куәгерлер, сарапшылардың, мамандардың қорытындылары, заттай дәлелдемелер, тергеу әрекеттерінің хаттамалары және т.б.
Сотталушы офицер кінәсін мойындамай, қылмыс белгілерінің жоғына байланысты ақтауды сұрады.
"Сот сотталушының жас балаларының болуы, алғаш рет қылмыстық жауаптылыққа тартылуы, жұмыс орнынан оң мінездемесі қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар, деп танылады", - делінген соттың хабарламасында.
Сот сотталушы Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушінің пайдасына 7 млн теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, ҚР ҚК 453-бабының 2-бөлігі бойынша басшының немесе лауазымды адамның ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке немқұрайлы қарауы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091815-aqtobe-oblysynda-oq-dari-zharylyp-askeri-qyzmetker-qaza-tapty/