Астанада ШЫҰ қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті
Жарияланған күні:
Қазақстан Республикасының Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі шеңберінде қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті.
Оған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары, Бас хатшы, ұйымның Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры, сондай-ақ Беларусь Республикасының Қорғаныс министрі қатысты.
Дәстүрлі достық пен сындарлы үнқатысу түрінде өткен кеңесте халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланып, қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты дамыту қадамдары айқындалды.
Кеңесте ШЫҰ-ның әскери-саяси блок еместігі, ал әскери саладағы өзара іс-қимыл басқа елдерге қарсы бағытталмағаны атап өтілді.
Кеңес қызметі әскери саладағы сенім шараларын нығайтуға, өңірлік қауіпсіздіктің сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған. Осыған байланысты "Бейбіт миссия" терроризмге қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларын өткізуді жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Ұйымға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің қызметін насихаттау мақсатында қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери-тарихи мұражайлар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға келісті.
Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушылардың назарын Ұйымның тарихи аспектісіне аударды.
"Егер ШЫҰ-ның бастауына қайта оралсақ, оның негізін 1996 жылғы 26 сәуірдегі Шекара ауданындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісім (Шанхай келісімі) мен 1997 жылғы 24 сәуірдегі Шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісім (Мәскеу келісімі) қалағанын атап өткен жөн", – деді ол.
Сонымен бірге Қазақстан Қорғаныс министрі ұйым шеңберінде ШЫҰ-ның барлық мемлекеттері үшін әскери бөлімдерге ерікті негізде өзара сапар жасау, өткізіліп жатқан ірі әскери оқу-жаттығулар, қорғаныс ведомстволарының басшылығы мен құрылымы туралы ақпарат беруді көздей отырып, сенім шаралары туралы келісімді әзірлеуді және қабылдауды ұсынды.
Кеңес қорытындысы бойынша хаттамаға, ынтымақтастықты реттейтін бірқатар құжаттарға қол қойылып, бірлескен коммюнике қабылданды.
Іс-шара соңында Қазақстанның Қорғаныс министрі мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы бірлескен мәлімдеме жасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2092022-astanada-shyu-qorganys-ministrlerining-kengesi-otti/