"Қазақстандықтарға қоңырау шалып, деректерін алуға тырысқан": Украинада жалған call-орталықтар анықталды
Жарияланған күні:
Қазақстан, Украина және Чехия полициясы бірлесіп, интернет-алаяқтық бойынша екі трансұлттық қылмыстық топты жойды. Олар Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, банктік деректерін алуға тырысқан. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы хабарлады.
Ведомство ақпараты бойынша, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы барын анықтады.
"Министрліктің қызметкерлері қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірлесіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобының әрекетіне тосқауыл қойды", – деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Дереккөз мәліметіне сүйенсек, Запорожье қаласында алаяқтардың екі call-орталығы жойылған. Күдіктілер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, шоттарының деректерін алуға тырысқан.
Жалпы 9 адам ұсталған. 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм "метадон" препараты тәркіленді.
Одесса қаласында үш алаяқтық call-орталық таратылып, жалған инвестициялық компанияларға қаржы саламыз деп азаматтарды алдаған.
Аталған дерек бойынша мұнда 23 адам ұсталып, 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді.
"Қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру амалдары жалғасып отыр", - деді Шыңғыс Алекешев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2092727-qazaqstandyqtarga-qongyrau-shalyp-derekterin-aluga-tyrysqan-ukrainada-zhalgan-call-ortalyqtar-anyqtaldy/