"108 шаруаның атынан құжаттарды қолдан жасаған": Жамбыл облысында бюджеттен бөлінген 105 млн теңге жымқырылған
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында прокурорлар 105 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтаған. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жамбыл облысы Рысқұлов ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражатты жымқыру фактісін анықтады", - делінген хабарда.
Ведомство мәліметінше, облыстың екі тұрғыны 108 шаруаның атынан құжаттарды қолдан жасап, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығыстарын субсидиялауға бөлінген 105,3 млн теңгені заңсыз алғаны анықталған.
Биыл наурызда аудан прокуратурасы алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін тіркеді.
Қылмыстық істі тергеу облыстық Экономикалық тергеп-терсеру департаментіне жүктелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ҚПК 201-бабы негізінде өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093438-zhambyl-oblysynda-auyl-sharuashylygy-tehnikasyn-satyp-aluga-bolingen-105-mln-tengge-qoldy-bolgan/