Көлігімен видео түсіріп, Instagram-ға жүктеген өскемендік жүргізуші айыппұл арқалады
Жарияланған күні:
Өскемен тұрғынына қала орталығында дрифт жасағаны үшін айыппұл салынды. Ол жол қозғалысы ережесін өрескел бұза отырып түсірген видеосын Instagram-дағы парақшасына жүктеген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл жағдай демалыс күні Әуезов даңғылында болған.
"28 жастағы жүргізуші Instagram-да қызықты бейнеролик көрсету мақсатында, жол қозғалысы ережесінің бірнеше тармағын бұзып қана қоймай, өзі үшін де, айналасындағылар үшін де қауіпті жағдай туғызған. Сонымен қатар ер адам маневр жасау кезінде бұрылу белгісін қоспай, артқы дөңгелектерін әдейі сырғытқан, осылайша жол белгілері мен жол жабынын зақымдаған", - делінген ІІМ хабарламасында.
Көлік жүргізушісіне қатысты жол қозғалысы ережесін, яғни, қозғалыс басталғанға дейін бағытты өзгерту, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау сигналын беру талаптарын орындамағаны үшін, сондай-ақ жолдарға зақым келтіргені үшін хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093585-instagram-ushin-koligimen-video-tusirgen-qazaqstandyq-aiyppul-arqalady/