"Артық сөз айтып қоймауы үшін қағаздан оқыды": прокурор Байжановтың ұстанымы жайлы айтты
Жарияланған күні:
Астанада әйелін азаптап өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісі Бақытжан Байжановтың ісіне қатысты сот жалғасуда. Бүгін тараптардың жарыссөзі барысында прокурор Айжан Аймағанова сотталушы Байжановтың ұстанымына қатысты пікір білдірдіп, оның "қулығын" атап өтті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Байжанов қу әрі ойластырылған ұстанымды таңдады. Ол Бишімбаевты қысым көрсетті деп айыптаумен қатар оның жауаптарын да растап отыр. Байжанов орыс тілін жетік білмейтінін айтып, бәрін қағаздан (ред. сотта берген жауабын) оқыды. Бірақ сотқа кәсіби аудармашы қатысып отыр. Байжанов қазақ тілінде де жауап берсе болатын еді. Оған ешқандай кедергі болған жоқ. Бұның барлығы алдын ала ойластырылған. Орыс тілін білмейтінін айтып, бәрін қағаздан оқып берді. Ол өз жауаптарында шатасып, ағасы екеуінің қылмысын әшкерелейтін артық нәрсені айтып қоймас үшін істеді", - деді прокурор.
Сонымен қатар Айжан Аймағанова Байжанов бөгде адамдарды Бишімбаев пен Нүкенова болған VIP бөлмеге кіргізбеу мақсатында және ағасының әрекетін жасыру үшін есіктің алдына гүлсауытты қойғанын айтты.
"Ол қызметкерлерді босатып, мейрамхананы жауып тастады. (…) Ол мейрамханының ғана емес, бүкіл "Гастро орталықтың" камераларындағы видеожазбаларды өшіріп тастады. Оның үстіне барлық бейнебақылау камераларын да өшіріп қойды. Бұл жағдай оларға қылмыстың ізін жоюға мүмкіндік берді. Байжанов Салтанаттың ұялы телефонын "Fitness Palace"-қа апарып, кейін куәгер арқылы Бишімбаевтың үйіне жеткізді. Бишімбаев пен Байжанов Салтанаттың денесінен құтылмақ болды. Олар марқұмның алдымен фитнесте болып, кейін үйге барғандай етіп келтіргісі келді. Ол кезде Нүкенова өлі еді", - деді прокурор.
Оған қоса Аймағанова сотталушыларға мүсәтір спирті не үшін керек болғанына қатысты пікір білдірді.
"Сағат үштен кейін мүсәтір спиртін әкелуін сұрайды. Сараптамаға сәйкес ол кезде Нүкенова қайтыс болып кеткен. Марқұмды мүсәтірмен оята алмайсың. Кез келген иіс пен ізді кетіре алатын мүсәтірді басқа мақсатта қолданған. Айта кетейін, VIP бөлмеде Салтанаттың бірде-бір ізі жоқ. Неге? деген сұрақ туындайды. Бишімбаевтың өзі олардың ішімдік ішкенін айтқан болатын. Салтанат әжетхана есігін, үстелді, орындықты ұстаған болуы керек. Мүсәтірмен барлық із бен Салтанаттың денесіндегі қанды кетірген", - деді прокурор.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2094608-artyq-aityp-qoimas-ushin-qagazdan-oqydy-prokuror-baizhanovtyng-ustanymy-zhaily-aitty/