"Балалармен көп уақыт өткізетін": Нүкенованың ағасы марқұмның орындалмаған арманын айтты
Жарияланған күні:
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сот жарыссөзінде сөз алып, марқұммен қарым-қатынасы жайлы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Өзі мен балаларының жарқын болашағы үшін көптеген жыл жұмыс істеп, түрлі жағдайларға тап болған отбасын елестетіңіздерші. Бір-бірімен сөйлесіп, барлық мәселені шешетін, бір-бірін демеп, қиындықтан жұмылып шыға алатын отбасын ойлаңыздаршы. Салтанат осындай отбасында өсті. Біздің кішкентай ханшайымымыз болды.
Біз үнемі жақын дос болмадық. Бұл деңгейге сөйлесіп, бір-бірімізге сеніп, қолдау көрсеткеннен кейін келе алдық. Бірақ бізді көзге көрінбейтін жіп байланыстырып тұратын. Әрдайым бір-бірімізді қолдап, ата-анамызды, достарымыз бен болашағымызды талқылайтынбыз", - деді ол.
Айтбектің сөзінше, Салтанат ана атанып, өз баласын тәрбиелеуді қатты армандаған.
"Ол балалардың мейрамдарына қатысатын, олармен уақыт көп өткізетін, сыйлықтар беретін. Кіндік балалары әлі күнге дейін оған аудиожазба жібереді. Олар не жағдай болғанын білсе де, Салтанат оларды тыңдайды деп ойлайды.
Биыл ата-анамыз 60 жасқа толып отыр. Ал Салтанат әрдайым тек 31-де болып қалады. Біз әке-шешемізді қалай құттықтаймыз деп ойланып жүргенбіз. Ата-анамызға шетелге демалыс сыйлағымыз келді, өйткені төртеуміз осыған дейін шетелге бірге бармадық. Ортақ естеліктеріміз болғанын қаладық", - деді Айтбек Амангелді.
Ағасының айтуынша, Салтанат Нүкенова 2023 жылдың қазан айында астрологиядан қыздарға сабақ беру үшін мектеп ашқысы келген.
"Оның болашаққа арман-мақсаты көп еді. Біз Салтанат екеуміз ешқашан мінсіз болмадық, бірақ күнде білім алып, дамығымыз келді. Үнемі ар-ұятты бірінші орынға қойдық", - деді ол.
Оған қоса Айтбек Салтанат қайтыс болған күннен бастап ақпараттық шабуыл басталғанын атап өтті.
"Қарындасымды жерлеген соң 11 қарашадан бастап Салтанат алкоголь ішетіні, жеңіл жүрісті екені жайлы жаңалықтар шыға бастады. Бұл ақпараттық шабуыл бірінші күннен-ақ пайда болды. Біздің қайғыруға да уақытымыз жоқ, өйткені біз шындық пен әділдік жолында күресіп келеміз", - деді Айтбек Амангелді.
Оның сөзінше, Салтанат қайтыс болған соң ата-анасы адвокат қажет пе деп сұраған.
"Үйге келген соң анам адвокат қажет пе деп сұрады. Мен барлығы анық болған соң жоқ деп жауап бердім. Сөйтсем қателескен екенмін. Қазір Салтанат пен біз үшін күресіп жатқан төрт адвокат бар. Біз олардың жұмысына алғыс білдіреміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, өтірік – қылмыскер мен оның ортасының қаруы. Біз мұнда 8-9 қараша күні болған оқиғаның шындығын анықтау үшін келдік", - деді Айтбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2094641-balalarmen-kop-uaqyt-otkizetin-nukenovanyng-agasy-marqumnyng-oryndalmagan-armanyn-aitty/