"Арктикалық суық": алдағы күндері елімізде күн қайта суытады
Жарияланған күні:
Синоптиктер Қазақстанда алдағы күндері күн қайта салқындайды деп болжап отыр. Түнде термометр бағаны нөлге дейін төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанға 4-6 мамырда қайта арктикалық салқын түседі.
Яғни, көктемнің жылы жайма-шуақ күндерін сезініп үлгермеген еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінің тұрғындары қайта арктикалық салқындықты сезінеді.
Мұның себебі – қысым өрістерінің жылдам өзгеруі.
Метеорологтардың хабарлауынша, солтүстік және оңтүстік циклондардың скандинавиялық антициклонмен алмасуы Қазақстан аумағына жауын-шашын мен контраст ауа райын әкеледі. Ал Баренц теңізінен суық ауа массаларының әсер етуі алдымен солтүстік-батыста, солтүстікте, сосын республика орталығында ауа температурасының төмендеуіне әкеледі.
Түнгі уақытта ауа температурасы нөлге дейін төмендеп, жаңбырдың соңы қарға ұласады деп күтілуде.
Дегенмен оңтүстік аймақтарда мол жауын-шашын түсіп, найзағай ойнап, бұршақ жауатынына қарамастан, көктемгі жылу сақталады деп болжанып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер мамыр айына арналған ауа райы болжамын ұсынған болатын.
Сондай-ақ олар биылғы жазда Қазақстанда қандай ауа райы қандай болатынын болжаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2095493-qazaqstanga-tagy-da-arktikalyq-suyq-keledi/