БҚО-да ер адам су тасқыны кезінде баспанасын тастап кеткен тұрғынның үйін тонаған деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Читать на русскомБатыс Қазақстан облысының 40 жастағы тұрғыны су тасқыны кезінде Дерқұл ауылындағы үйлердің біріне кіріп, 700 мың теңгенің мүлкін ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Мой город" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
БҚО прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, су тасқыны кезінде ұрлық жасалғаны анықталған. Сәуірдің 3-іне қараған түні Дерқұл ауылында белгісіз адам тұрғынның үйін тонаған. Күдікті құны 700 мың теңге мүлкін ұрлады деп айыпталуда.
"Кінәлі анықталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Төтенше жағдай кезінде бұл әрекет жазаны ауырлататын жағдай болып танылады", - делінген ведомство хабарламасында.
Бұл ретте жедел штабта өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин облыста ұрлық пен тонау деректері тіркелмегенін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2095910-bqo-da-er-adam-su-tasqyny-kezinde-baspanasyn-tastap-ketken-turgynnyng-uiin-tonagan-degen-kudikke-ilindi/