Павлодарда қарияға 15 жыл бойы зейнетақы заңсыз түсіп отырған
Жарияланған күні:
Читать на русскомПавлодар облысының тұрғынынан шамамен 15 жыл бұрын жалған құжат арқылы рәсімдеген заңсыз зейнетақысы өндірілді, деп хабарлайды облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Павлодар облысы сотының Facebook-тегі парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" ММ-нің жергілікті тұрғыннан заңсыз алынған зейнетақы сомасын өндіру туралы талап қоюы бойынша істі қараған.
Бұл іс сотқа әйелдің бірінші сатыдағы ішінара қанағаттандырылған сот шешіміне түскен апелляциялық шағымы бойынша келіп түскен.
Аталған жергілікті тұрғын 2013 жылдың қыркүйегінде зейнеткерлік жасқа (58 жас) жеткені анықталған. Алайда 2009 жылдың шілде айынан бастап ол көпбалалы ана ретінде заңсыз зейнетақы төлемдерін алған, бірақ көпбалалы ана болмаған.
"Ол бюджет қаражатынан 3 324 306 теңге заңсыз алған, оның 804 028 теңгесі оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешімі негізінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде мәжбүрлеп өндіріп алу жолымен өтелген және кейіннен сот шешімі жойылған", - деп жазылған іс материалдарында.
Әйел көпбалалы ана ретінде зейнетақы тағайындауға өтініш берген кезде жалған құжаттарын ұсынған. Сол себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткер заңсыз алған 3 324 306 теңге зейнетақы төлемін өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Апелляциялық шағымда әйел сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2013 жылғы 21 маусым редакциясындағы 18-баптың 2-тармағына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдері өтініш жасалған күннен бастап тағайындалады. Өтініш пен қажетті құжаттар Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күн жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасалған күн деп есептеледі", - делінген хабарламада.
Әйел жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығын 2019 жылдың маусымында ғана рәсімдеген.
Сондықтан әйел бұл мерзімге дейін алған қаражатын қайтаруға тиіс.
"Жауапкер 2013 жылы зейнет жасына толғандықтан, сол сәттен бастап зейнетақы төлемдерін алуға құқылы деген шағымның дәлелі негізсіз, өйткені зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа жеткенде автоматты түрде тағайындалмайды", - деді судья.
Осылайша сот шешімі өзгеріссіз, әйелдің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096024-pavlodarda-qariiaga-15-zhyl-boiy-zeinetaqy-zangsyz-tusip-otyrgan/