448 млн теңгенің жанармайы ұрланған: Ұлттық ұлан сарбаздарының біріне қатысты үкім өзгерді
Жарияланған күні:
Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және аса ірі мөлшерде жанармай жымқыру дерегі бойынша айыпталған Ұлттық ұланның бес әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық істі қайта қарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әскери сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Бұрын сот үкімімен Д., У., С., Е. аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) оларға 9 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Сотталған А. қызметіне салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелгені үшін кінәлі деп танылып (Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі), оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Сотталғандардан ортақ тәртіпте келтірілген материалдық залал өндірілді.
2019-2022 жылдар аралығында әскери қызметші Д., У., С. және Е. өз қызметтік жағдайын пайдалана отырып, материалдық жағдайын жақсарту мақсатында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет әскери бөлімнің жанар-жағармай материалдарын жымқыру арқылы 448 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген. Ұрланған отынды жеке тұлғаларға өткізген.
Өз кезегінде сотталушы А. қызметіне салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға алып келді, яғни әскери бөлімнің бүкіл ЖЖМ қызметінің жұмысына бақылаудың болмауына байланысты мемлекетке материалдық залал келтірді.
Көрсетілген мән-жайлар сотталушылардың өз айғақтарымен, жәбірленуші тарап өкілдері мен куәгерлердің жауаптарымен, іс бойынша жүргізген аудиторлық тексерумен, сот сараптамаларымен, телефонмен сөйлесу стенограммаларымен, ақша қаражатын аудару және қылмыстық істің басқа материалдарымен анықталды.
Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Ақмола гарнизоны әскери сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы үкімі сотталған С.-ға қатысты жаза мерзімінде қамауда ұстау уақытын есепке жатқызу бөлігінде өзгертілді. Қалған бөлігінде үкім өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар апелляциялық сатымен істі апелляциялық қарау барысында сотталғандардың Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы, 5573 және 3656 әскери бөлім қолбасшылығы лауазымды адамдарының, сондай-ақ ІІМ ӘТБ қызметкерлерінің жанар-жағармай материалдарын жымқыруға қатысы бар екендігі туралы хабарлаған фактілері туралы Бас әскери прокурорының назарына тиісті процестік шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2100422-448-mln-tenggening-zhanarmaiy-urlangan-ulttyq-ulan-sarbazdarynyng-birine-qatysty-ukim-ozgerdi/