"Еңбегімізді бағаламайды": Алматыда гүлзарды таптағандарға 73 мың теңге айыппұл салынбақ (видео)
Жарияланған күні:
Алматыда селфи жасаймын деп гүлдерді таптап, гүлзардың сәнін қашырғандар көбейген. Басым көпшілігі абаттандыру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауап қарастырылғанын білмейді. Әкімдіктегілер заңға сай, өсімдіктерді зақымдаған тұрғындарға 73 мың теңге айыппұл салынатынын еске салды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Көктем шыға Алматы гүлденіп, мың бояуға малынады. Қысқа дейін отырғызылған сәнді өсімдіктердің бір бөлігі қазір жайнап тұр. Ал өзге түрі енді егіле бастаған. Алайда жайқалған гүлдерді басып, таптап кететіндер көбейген.
"Адамның санасына байланысты. Тәрбие көрмеген шығар. Солай деп ойлаймын. Қоршаған ортамызды ластап, қаншама еңбекке отырғызғанды таптап, жұлады. Түрлі видео түсіреді", - деді тұрғын Әлішер Жандосұлы.
"Орталық саябақтарға гүл отырғызамыз. Кілемдей етіп, Бірақ иттерімен келіп,жаздай таптап кетеді. "Саябақта қыдырамыз, саябақ не үшін, қыдыру үшін" дейді. Ал біз сол адамдар үшін, елге жылу сыйлайтын гүлдерден ләззәт алса екен дейміз. Біздің еңбегімізді бағаламайды", - деді жұмысшы Жеңісгүл Нұрданбек.
Табиғатқа немқұрай қарайтындарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ тұрғындардың көбі оны білмейтін сияқты. Сондықтан шенеуніктер айыппұлдың көлемін тағы бір еске салып шықты.
"Әлеуметтік желілерде тіркелген фактілерге байланысты департамент Алматы тұрғындары мен қонақтарын сәндік гүлді көгалдандыруға және қоғамдық орындарға қамқорлық жасауға шақырады. Ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады", - деді Алматы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза.
Атап айтқанда:
- Жеке тұлғаларға ескерту немесе 20 АЕК;
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 40 АЕК;
- ірі кәсіпорындар үшін 100 АЕК айыппұл салынады.
Қаладағы гүлзарларды ешкім тәулік бойы бақылап отырмайды. Бірақ өсімдіктерді таптап жүргендерді тәртіп сақшылары байқап қалса, 73мың теңге айыппұл салынады.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2100659-engbegimizdi-bagalamaidy-almatyda-gulzardy-taptagandarga-73-myng-tengge-aiyppul-salynbaq-video/