Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кәмелетке толмаған 19 бала ұсталды": ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

Жарияланған күні:

Полицейлер
Полицейлер. Көрнекі сурет: Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Қазақстанда жыл басынан бері есірткі таратуға қатысқан 19 жасөспірім ұсталған. Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады. Бұл туралы ведомствоның ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі өкілдері жазғы демалыс қарсаңында балаларға барынша көңіл бөлу керек екенін ескертті.

"Кез келген отбасы есірткі құрығына тап болуы мүмкін. Жыл басынан бері 19 жасөспірім есірткі қылмыстары үшін ұсталды. Жастар есірткі таратудың және жарнамалаудың құқықтық салдары туралы білсе де, кейбірі есірткінің заңсыз айналымынан бас тартар емес.

Нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруда отбасының айрықша рөлін ескере отырып, ІІМ ата-аналарға жазғы демалыс қарсаңында балалар өміріне барынша көңіл қою керектігін ескертеді", - делінген ІІМ хабарламасында.

Ведомство өкілдері балалардың араласатын ортасын білу, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды бақылау аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ баланың заттарының ішінен медициналық препараттардың қорабын, фольга немесе шыны түтікшелер байқалса, мұны елеусіз қалдырмауға кеңес берді. Полицейлер мұның бәрі синтетикалық есірткі тұтынуға арналған заттар болуы әбден мүмкін екенін ескертті.

Баланың сабақтағы үлгерімінің нашарлауы, сабаққа бармауы және араласатын ортасының өзгеруі де ата-ана назарынан тыс қалмауы керек, деп есептейді полиция қызметкерлері.

"Агрессия, аяқ астынан көңіл күйінің өзгеруі, шаршаңқы күйге жиі түсуі де есірткі тұтынып жүргенінің белгілері болуы ықтимал. Баланың бойынан үш немесе одан да көп осындай белгі байқалса, тез арада шара қолдану қажет.

Ақша жұмсауы жиілесе немесе қаражаты көп болса, бұл да алаңдауға тұрарлық мәселе. Өйткені баланы есірткі тұтынуға ғана емес, оны таратуға да тартуы мүмкін. Егер баланың телефоны мен мессенджерлерінен геолокация көрсетілген суреттер, үй қабырғалары мен бағандардағы штамптарды байқасаңыз, бұл да күмән тудыратын жайт. Себебі онда есірткі жасырылған жерлер көрсетілуі мүмкін. Нөмірлер және түрлі сайттардың сілтемелері жазылған тізімге, изолентаға оралған заттарға да назар салғаныңыз абзал.

Есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске саламыз", - дейді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/zhyl-basynan-beri-esirtki-taratqany-ushin-kameletke-tolmaghan-19-bala-ustaldy/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2102816-kameletke-tolmagan-19-bala-ustaldy-iim-ata-analarga-undeu-zhasady/