Қазақстанның қай өңірлеріне туристер көп келетіні анықталды
Жарияланған күні:
Туризм және спорт министрлігі былтыр, 2023 жылы Қазақстан курорттарында қанша адам демалғанын мәлімдеді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда еліміздегі курортты аймақтарда қонақүйлер 130 млрд теңгеден астам табыс тапқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы еліміздегі 19 курортты аймақта 3,8 млн-нан аса турист демалған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 311 мың адамға өскен. Осылайша курортты аймақтардағы қонақүйлер былтыр 130 млрд теңгеден астам табыс тапқан.
Министрлік ақпараты бойынша, туристер арасында Алматы тау кластері – ең танымал орындардың бірі. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан астам адам келген.
Одан кейін Маңғыстау курортты аймағы (356,2 мыңнан астам адам), Щучье-Бурабай курортты аймағы (305,4 мың адам) және Абай облысының Алакөл көлі жағалауы (205,8 мың адам) ең танымал курортты аймақ болып саналады.
"Жыл сайын отандық курорттарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл еліміздегі аталған аймақтардың тартымдылығын және Қазақстанның туристік әлеуетіне қызығушылық артқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлылығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру", - деп атап өтті ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2103701-qazaqstannyng-qai-ongirlerine-turister-kop-keletini-anyqtaldy/