Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Есімі көп аталмайтын Алашқа еңбегі сіңген қайраткер: журналист Мұхaмедсәлім Кәшімовтің тағдыры

Жарияланған күні:

Мұхамедсәлім Кәшімов
Алаш ардақтысы – Мұхамедсәлім Кәшімов. Көрнекі сурет: anatili.kazgazeta.kz

ХХ ғасырдың басында өнегелі кітаптар жазған, қазақтың тұңғыш журналы "Айқапта" қызмет еткен ақын әрі жазушы, журналист Мұхаметсәлім Кәшімов жайлы дерек аз. Себебі кеңестік-тоталитарлық заманда сол дәуірдің өзекті мәселелерін қозғаған тұлғаның қоғамдық-саяси болмысы арнайы зерттелмеді. "Айқап" журналында жарияланған мақалалар мен кейінгі зерттеушілердің жазбаларын негізге ала отырып, Алаш қайраткері Мұхаметсәлім Кәшімов туралы құнды мәліметтер ұсынамыз.

Мұхамедсәлім Кәшімов жайлы не білеміз?

Мұхамедсәлім Кәшімов 1884 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл болысында дүниеге келген. 1935 жылы өмірден өткен. Ол Қазан төңкерісіне дейін де қазақ даласына танылған ақын, жазушы, журналист болған. Баспадан шыққан кітаптарына "Мұхамед ибн Әлхаж Ғабдолла Рахман Кәшімов" немесе "Ғабдырахман Кәшімов Көкшетаулық" деп қол қойып отырған. Қаламгер шығармаларынан оның ескіше һәм орысша оқыған білімді адам екенін аңғаруға болады.

Мұхамедсәлім Кәшімов қайда білім алған? Мұхамедсәлім Кәшімов Уфадағы "Ғалия" медресесін, кейін Қазан университетін тәмамдаған.

Ол 1907-1909 жылдар аралығында халқын өнер-білімге, мәдениетке шақырған. Мұхамедсәлім Кәшімов "Әдеп", "Үгіт", "Насихат Қазақия", "Ақыл кітабы", "Сұлу қыз" сияқты өлеңдер мен қарасөздер жинағы, 1914 жылы "Мұңлы Мәриям" романы арқылы қазақтың XX ғасырдағы кәсіби жазба әдебиеті өкілдерінің алғашқы легіне қосылды.

Мұхамедсәлім Кәшімов 1911-1919 жылдары "Айқап" журналында тілші ретінде еңбек еткен. Қазақтың тұңғыш журналында белгілі ақын, журналист, публицист, қоғам қайраткері Мұхаметжан Сералинмен бірге қызмет атқарған.

Мұхамедсәлім Кәшімовтің "Айқап" журналында жарияланған мақалалары мен очерктері:

  • "Верныйдағы көрген білгендерім";
  • "Түркістан шаһарында";
  • "Шымкенттен";
  • "Тоқмақ ақуалдары";
  • "Қапал уезінен";
  • "Әулиеата мен Тоқмақ арасы";
  • "Райымжан Мәрсековпен сөйлескенім";
  • "Шымкент уезіндегі ас";
  • "Қытай қазағындағы қайырлы іс".

Музыка өлеңдері:

  • "Жаз мезгілі";
  • "Күзетшілерге";
  • "Әулие бабамның шырақшылары;
  • "Лепсі" және басқа да өлеңдері бар.

Ең алғаш Қытайдағы қазақтар жайлы жазған тұлға

Сәбит Жәмбектің Әдебиет порталында жарияланған "Алаш ардақтысы – Мұхамедсәлім Кәшімов" мақаласын негізге алсақ, Мұхамедсәлім Әбдірахманұлы Жетісу өңірін, Қытай, Қырғыз елдерін аралап, жол жазба әңгіме ретінде сонда тұратын қазақтардың әдет-ғұрпы, тарихы, этнографиясы, шаруашылығы, әдебиеті мен мәдениеті туралы тұшымды мақала, очерктер жазған. "Осылардың ішінде "Музыка" атты мақаланы ерекше бөліп атауға болады", - дейді мақала авторы.

Мұхамедсәлім Кәшімов "Айқап" журналына алғаш Қытайдағы қазақтар туралы этнографиялық очерктер мен материалдар жазып, осы қазақтарды алғаш таныстырған. Сондай-ақ Әулие-Ата, Шымкент уездеріндегі қазақ мектептері мен медреселеріндегі оқу үдерісіне алаңдатушылық білдірген. Жазушы "Мұңлы Мариям" романы арқылы автор ретінде қазақ прозасының негізін қалаушылардың бірі саналады.

Білімсіздікпен күрескен тұлға

Мұхамедсәлім Кәшімов аумалы-төкпелі заманда қазақ мектептері мен медреселеріндегі оқу үдерісіне қатты алаңдаушылық білдірген. Мәселен "Әулие-Ата хабарлары" мақаласында автор өзінің Әулие-Ата шаһарында көрген-білгендерін баяндайды. Ол жердегі халық арасында ғылым мен оқу аз таралғанын, ал Троицк, Қызылжар, Көкшетау қалаларынан мұғалімдердің бұл маңайда болмауын, әлемде болып жатқан ғылым, оқу-өнер жөніндегі жаңалықтардан бұл жердің хабардар болмауын жаза отырып, "Шаһарда тіпті сарттардың қаптап кеткені соншалық, Әулие-Ата шаһары надандық шырмаған сарт шаһары болып кетіпті", - дейді.

"Әулие-Ата шәһәрінде бір ай тұрғанымда әр жерлерін, әсіресе мешіттерінде намазда болып, аралап көрдім. Мешіттер бек көп болса да, мектеп, медресе жоқ. Ешбір жерде сабақ оқушы балалар жоқ. Жалғыз-ақ ноғай мешіті жанында мектеп бар екен, онда ноғай балалармен қосылып, қазақ, сарттан барлығы қырықтай бала бар. Ләкин, сорымызға қарай, жақсы мұғалім де кез келмеген секілді көрінеді".

Оған қоса газет-журналдардың насихатталмауын былай жеткізген:

"...Газет-журнал мұсылмандарды аздырады, аулақ жүріңіз деуші де жоқ емес", - дейді. Енді бірде надандықтан арылтайын деген мұғалімдер мен шәкірттерді көре алмағандығын айтып: "...Бұл тарапта бағзы бір ашық пікірлі саудамен яки бірер себеппенен келіп жүргендер болмаса, халықты надандықтан ашқандай зиялы мұғалім, шәкірттер көрінбейді", - дейді. Осы орайда өзі де ағартушы қайраткер Әулие-ата қаласында туындаған надандық шырмауынан арылудың жолы ретінде усул жәдидше оқыған оқытушы келіп, шәкірттерді оқытса тезірек сауатын ашады деген тұжырымға келеді:

"...Сынауыма қарағанда, жақсы оқыған, мінезі оңды (ақылды) шәкірт, мұғалім болса, халқы қарсы тұрмас деп ойлаймын. Өйткені бөтен жерлерде болып жатқан "хадем, жәдит" мәселесі бұл жақта жоқ. Бірақ ұсұл жәдидше оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тәртіп бек хал қабыл ететұғын көрінеді", - дейді.

Білім-ғылымды насихаттаған Мұхамедсәлім Кәшімов балаларға арнап мынадай шумақтар жазған:

Оқып қал, әй балалар, жас шағыңда,

Оқуға уақыт кеңдік бар шағыңда,

Ендігі заманға оқу керек

Оқусыз өнер сатқан адам бар ма?

Пайғамбар хақ, Алланың бір біліңіз.

Орысша, мұсылманша тіл біліңіз.

Қазіргі күнімізге қарағанда,

Қазақта еш жарықсыз түн біліңіз.

Төте жазу
Төте жазумен жазылған кітап. Көрнекі сурет: ortalyq.kz

Қилы заман. Міржақыппен жүздесу

Теңдік Мұқышеваның "Ана тілі" газетінде жарияланған "Өнеге" мақаласында Мұхаметсәлім Кәшімовтің бүркеншік атпен жүруі, Міржақып Дулатұлымен кездесуі жайлы жазылған:

Кеңес өкіметі орнап, Алашорда ыдыраған кезде Көкшетау Алашордасының басшысы, "Айқап" журналының хабаршысы, ақын Мұхаметсәлім (Сәлім) Кәшімовке де сол сойылдың сойқаны тиетін болған соң, Ташкент қаласына баруды ұйғарып, жолға шығады. Алайда осы сапар барысында көптеген кедергілерге кездескен ол оңтүстік аймаққа қарай жаяулап-жалпылап жүре береді. Кең сахарадан пана іздеп, арып-ашып жүргенде, әйтеуір бір елге жетіп, сол елдің бір байының үйіне жалданып қызметшілікке тұрған екен. Бұл жерде ол Тәуірбек деген бүркеншік атпен жүрген.

Байдың Жүзтайлақ есімді әйелі: "Құдайдың жалшыға да кең маңдай беруін қарашы!" - деп, қасындағы әйелдерге Тәуірбектің келбетіне таңданысын жасырмай айтып отырады екен.

Жаз айларының бір күнінде байдың үйіне бір топ салт атты жолаушылар келіп түседі. Келген жолаушыларды бай киіз үйге енгізіп, қонақасы беріп жатады. Сыртта жүрген Тәуірбек бір кезде киіз үйдің ішінде даурығысып жатқан дауысқа құлақ түреді. Сөйтсе олар "Антанта" деген сөздің мән-мағынасын ажырата алмай жатыр екен. Осы кезде ол үй ішіне бас сұғып, келген қонақтармен амандасқан соң, әңгіме өзегі боп жатқан "Антанта" сөзінің мән-мағынасын айту үшін: "Мырзалар, рұқсат болса мен білгенімді айтып көрейінші!" - деп әңгімеге араласады.

– Иә, иә, шырағым, рұқсат әрине! - деп даурығысқан мырзалардың ішінде төрде отырған бір адаммен қас-қағым сәтте Тәуірбектің көз жанары ұшырасып қалады. Төрдегі отырған адам ым қағып, сыртта кездесуге ишарат білдіреді. "Антанта" сөзінің мән-мағынасына қаныққан мырзалар: "Сен мұны қайдан біліп жүрсің?" - деп сұрайды. Бұл сұраққа ол: "Ташкентте оқыған бір ағайым бар, содан естіп едім", - деп жауап қайырады.

Кешқұрым, манағы ым қағып, сыртта кездесуге ишарат білдірген адамымен ауыл шетінде, көл жағасындағы қамыс тасасында кездеседі. Қамыс жағасында қос бауырдай қауышқан – Міржақып Дулатов және жоғарыда біз айтқан Мұхаметсәлім Кәшімов еді. Міржақып Мұхаметсәлімге: "Мына мөлдіреген көл, сылдыраған қамыс айтады, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жетер, қазір өте сақ болу керек. Сен осы Тәуірбек деген лақап атпен жүре бер. Мен саған осы есіммен анықтама жазып берейін", - дейді. Сөйтіп, Мұхамедсәлім Кәшімов қағаз жүзінде де Иманбеков Тәуірбек деген лақап атқа ие болады.

Міржақып Дулатов сол кеште үй иесіне: "Біз таңертең жүреміз, бізге ерттеулі ат пен бір адамның бастан аяқ, қол орамалына дейін жаңа киімі керек", - деп ескертеді. Ертеңіне жолаушылар жүрер кезде бай Міржақыптың айтқанын бұлжытпай орындап қойған екен. Бұл киімнің бәрі Тәуірбекке арналғанын көрген бай: "Шырағым-ай, алдында жөніңді айтпадың ба? Мені жерге кіргіздің ғой, енді не істейміз? Ұятты болдым ғой!" - деп налиды. Мұхаметсәлім өткеннің оқасы жоқтығын айтып, онымен қимастықпен қоштасады.

Қалам мен қағаз
Үстел үстіндегі сиялы қалам. Көрнекі сурет: pixabay.com

el.kz сайтында жарияланған "Мұхаметсәлім Кәшімов публицистикасының ерекшелігі" мақаласында берілген деректерге сүйенсек, журналистің өмір жолына қатысты жазылған мақалаларда оның ауыл мектебінен сауат ашып, артынан Қазан, Уфа қалаларында оқуын жалғастырғаны, 1917 жылы Көкшетаудағы Алаш партиясы комитетіне мүше болып, кейінірек басшылық жасағаны, Алаш идеясын жүзеге асыруға белсене кіріскені жөнінде мәліметтер берілген.

Мұхаметсәлім Кәшімов 1928 жылы Кеңестік жүйе нық орнаған кезде алашордашы ретінде қуғындалып, абақтыда отырған. 30 жылдары ұстаздық қызмет атқарып, Ташкентке қоныс аударған екен. 1934 жылы Ташкентте бір мектепте сабақ беріп жүрген кезінде қайта ұсталып, Қазақстанға әкелінген. 1935 жылы Қызылжар қаласындағы түрмеде қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2106567-esimi-kop-atalmaityn-alashqa-engbegi-singgen-qairatker-zhurnalist-muhamedsalim-kashimovting-tagdyry/