Ақтөбеде бір мектепті "Алтын белгіге" үміткер 13 түлек бітіріп жатыр
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы бір мектептен 13 алтын белгі және 10 үздік аттестат үміткері түлеп ұшқалы тұр. Халықаралық университеттердің грантын ұтып алған мектеп бітірушілер ҰБТ-ға қатысуға да тас түйін дайын, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Биылғы оқу жылында Ақтөбе қаласындағы №78 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында 109 оқушы мектеп бітірді. Мектепте ғылыми жобамен айналысып жүрген дарынды оқушы көп. Бәрі де болашақ мамандықтарын таңдап қойған.
"Болашақта өзімді медицина саласында көремін. Хирург болуды армандаймын. "Алтын белгіден" үміткермін. Ұстаздарыммен бірге ғылыми жобаларға қатыстым. Оларға алғыс айтамын. Астана қаласында өткен ғылыми фестивальден гран-при иелендім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ грантын ұттым. Өз білімімді сынап, өзіме екінші мүмкіндік ашу үшін ҰБТ-ға қатысамын. Астанадағы медициналық университетке баруды жоспарлап жүрмін", - деді мектеп түлегі Бейбарыс Тәуіп.
"Алтын белгіден" үміткер түлектердің арасында халықаралық грант иегерлері бар. Олар туралы ғылыми жетекшісі Жаннұр Бақытжанқызы айтып берді.
"Оқушыларым Элла Бекова мен Ақниет Ақмырзаева ғылыми жобамен айналысады. Дәрілік өсімдіктерді зерттейді. Жусаннан эфир майын, әтір алу туралы зерттеу жұмысы облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде ерекше жоба ретінде аталды. Оқушым Қырғызстандағы халықаралық университеттен грант ұтып алды. Болашақта осы жобаға авторлық құқық алып, тұтынуға, нарыққа шығаруға жұмыс істейміз", - дейді сынып жетекшісі Жаннұр Бақытжанқызы.
Мектепге гүл құшақтап келген ата-аналардың да қуанышында шек жоқ.
"Жиен немеремнің қуанышына келдім. Кішкентайынан өзім бақтым. Ғазиз Әбдіғазиз сабақты бала күнінен жақсы оқыды. Мектепті "Алтын белгімен" бітіріп жатыр. Оқуы да дайын тұр. Қуанышымызда шек жоқ. Түркияға барып инженер мамандығын оқиды", - деді ата-ана Бағила Бисенқұлова.
Мектеп директорының айтуынша, білім ордасында құқықбұзушылық жағдайы тіркелмеген. Айтуынша, мектептегі белсенді балалардың барлығы өнерден кенде емес.
"Биыл біздің мектепті түлектердің үшінші легі аяқтайды. Бірінші түлектеріміздің арасында екі "Алтын белгі" иегері болды. 2022-2023 жылғы оқу жылында 14 алтын белгі, 10 үздік оқушы бітірді. Өткен жылы 63 түлегіміз ЖОО-ға грант ұтты. Оның ішінде әкімдік, мемлекеттік гранттарымен қатар, Чехия, Ресей, Түркия елінің университеттеріне түсті. Биыл 109 оқушы мектепті аяқтайды. Оның 13-і "Алтын белгі", 10-ы үздік аттестаттан үміткер. Үлкен үміт артып отырмыз. Себебі түлектеріміз жылдар бойы ғылыми жобаларға қатысып, биіктерді бағындырып жүрген балалар. Мектепте білім сапасына көп көңіл бөлінеді", - деді №78 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының директоры Жанар Сейтмағанбетова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан дарынды оқушылардың соңғы қоңырау шарасына қатысты. Өңірдің бас ұстазы "Сіздерге адам болып қалуды тілеймін. Ол - басты құндылық" деген тілегін білдірді.
Биыл Ақтөбе облысында 11-сыныпты 9 236 түлек бітіреді. Оның ішінде 681 түлек үздік, 489 түлек "Алтын белгіге" үміткер.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2106843-aqtobede-bir-mektepti-altyn-belgige-umitker-13-tulek-bitirip-zhatyr/