Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сталиндік репрессия жылдары қазақ халқы қанша зиялы қауымынан айырылды

Жарияланған күні:

Коллаж
Коллаж: egemen.kz

Зерттеушілер сталиндік қуғын-сүргін кезінде қазақ даласында 25 мыңнан астам адам атылып кеткенін айтады. Кейбір тарихшылар репрессия жылдары атылып кеткендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін деп есептейді.

Қазақ даласында саяси қуғын-сүргін қашан басталды?

Қазақ жеріндегі саяси-қуғын сүргін Голощекиннің есімімен тікелей байланысты. 1925 жылы Қазақстанға басшылық қызметке келген Филипп Голощекин Қазақстанда "Кіші Қазан" төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Осы саясаттың салдары ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға әкеп соқтырды. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды елден қуып, олардың көзін жоюды қолға алды.

Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындау басталған. Оларға "буржуазияшыл-ұлтшыл" деген айып тағылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен "КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды" деген заңсыз жала жабылды. Бұған қоса молдалар мен діндарлар да "басқаша, бөтен ойлайтындар" деген айыпталды.

1928 жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Жүсіпбек Аймауытов, Әбдірахмен Байділдин, Дінмұхамед Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалған.

Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Ресейге жер аударылды.

"Халық жауларын" жою науқаны

Қазақ халқының ұлт зиялыларын жою науқаны Сталиннің Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында сөйлеген сөзінен кейін басталған. Өйткені сол жиында Сталин "Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы" баяндама жасаған.

Тарихшылар келтірген дерекке сүйенсек, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген сталиндік репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған.

Зерттеушілер қазақ интеллигенциясын саяси жазалауды 3 кезеңге бөліп қарастырады :

  • 1929–1932 жылдары алаш интеллигенциялары түрмеге қамалды, сотталды, атылды;
  • 1937–1938 жылдары "халық жауларын" жою науқаны өтті;
  • 1946–1953 жылдары "буржуазиялық ұлтшылдар", "космополиттер" жазаланды.

"Қазақ зиялыларының қудалануы" атты мақалада "1927 − 1932 жылдар аралығында Алаш зиялылары үстінен екі дүркін жүргізілген сот процесі қазақтың серкелерімен біржола саяси есеп айырысудың, яғни, оларды талқандаудың алғашқы қадамы болғаны" айтылған.

Саяси құрғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары
Саяси құрғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары. Көрнекі фото: abai.kz

Мақала авторы келтірген дерек бойынша, 1937 жылғы сталиндік қудалаудың алғашқы легіне де қазақ зиялылары бірінші болып іліккен, айналасы оншақты күнде лауазымды қызметтегі азаматтардың 560-ы дереу атылған. Бұлардың ішінде: Жоғарғы Кеңес төрағасы Құлымбетовтен бастап 8 министр, Орталық партия комитетінің 5 хатшысы, 4 меңгерушісі, бюро мүшелері түгелдей, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасарлары, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары, 14 облыстың атқару комитет төрағасы, 13 обком хатшысы, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері атылып кетті.

Тарихтың "ақтаңдақ" беттерін зерттеумен айналысқан ғалым Бейбіт Қойшыбаев 1937 жылғы "қызыл террор" қалай іске асырылғанын былай деп баяндайды:

"Жаз айларында астанадағы лауазымды азаматтар қамауға алына бастады. Шілдеде республика прокуроры Сүлеймен Есқараев ұсталды. Тамыздың басында ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов, одан сәл кейін Қазақ КСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тұтқынға алынды. Ұзамай егіншілік, қаржы, денсаулық сақтау халық комиссарлары Нығметолла Сырғабеков, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасов, Халкомкеңестің көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов ұсталды. Облыстардағы басшылар да бірінен соң бірі қамалып жатты.

Ғалымдар Санжар Асфендиаров, Құдайберген Жұбанов, Қоңырқожа Қожықов абақтыға әкетілді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды кеңесшіл ақын-жазушылар да түрме төрінен орын алды. Саяси репрессияның 30-жылдар басындағы алғашқы толқынында сотталып, жазасын өтеп қайтқан Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев секілді "алашшыл" ғалымдар мен қаламгерлер де бұрындары бір байланған шаладан құтылмай, сол ескі жаламен қайта тұтқындалды.

Мәскеу түрмелеріне Ресей халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Бүкілресей Орталық Атқару комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі Нығмет Нұрмақов, Сауд Арабиясындағы елшілік қызметтен шақырып алынып, КСРО Ұлттар кеңесі жанындағы Тіл және жазу жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері боп жүрген Нәзір Төреқұлов, бұрынғы Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Кеңестік бақылау комитеті уәкілінің Өзбекстандағы орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян, екінші хатшысы Садық Нұрпейісов тоғытылды".

Тарихшылар осы жылдардағы жаппай репрессия қазақ мәдениентіне ауыр зардабын тигізгенін алға тартады.

"Қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысына 1937 және 1938 жылдардағы жаппай саяси репрессияның тигізген зардабы өте ауыр болды. Бұл жылдары қазақ интеллигенциясына қарсы бұрын-соңды болмаған көлемде қызыл большевиктік шабуыл жасалды. Тарихи зерттеулерге қарағанда, осы жылдары қызыл қырғында ең көп қаза тапқандар мемлекеттік және қоғам қайраткерлері болды. Ал осы азаматтардан соң, біздіңше, ең көп саяси репрессияға ұшыратылғандар – ұлттық ой еңбегінің интеллигенция өкілдері, ал олардың ішінен ең алдымен, ақын-жазушылар болды", - деп жазады тарихшы Жетпіс Талдыбаев.

1937 жылы 11 тамызда Ілияс Жансүгіров тұтқынға алынды, 24 қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалды, 6 қазанда Бейімбет Майлиннің, 8 қазанда Ахмет Байтұрсыновтың ұсталғаны жөнінде деректер бар.

Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы. Фото: abai.kz

Жаппай қуғын-сүргін мұнымен тынған жоқ. Құдалау ісі Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, 1950-жылдарың басында қайта жалғасты. Сол жылдары Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағамбет Исмайылов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов сынды ғалымдар қудаланды.

1993 жылы 14 сәуірде елімізде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. 1997 жыл Назарбаевтың жарлығымен Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Зерттеушілер жан-жақты зерттеу жұмысын жүргізуді қолға алды. 1937-38 жылдары 100 мыңның үстінде адам қуғын-сүргінге ұшырады десек те, тарихшы Зиябек Қабылдинов архивтерде 714 мың құжаттың әлі "құпия" грифы алынбағанын айтады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Сабыр Қасымов өткен ғасырдың 20,30-жылдары қырылғандардың көбі аштықтан емес, репрессия құрбаны боп кеткен деп есептейді.

"Бір адам өлсе – трагедия, ал жүздеп, миллиондап өлсе – статистика" дейтін нақыл сөз бар. Алайда сталиндік саяси қуғын-сүргін статистикасына келгенде, әр санның артында халқымыздың арда азаматтарының қор болған өмірі, күл-талқаны шыққан ұлттық арман, айдалып, атылып кеткен әкесін, шешесін көруге зар болған бала-ғұмыр, ұлт қайраткерінің қуғынға ұшыраған үрім-бұтағының қасіреті тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл сандар жай ғана статистика емес, тұнған трагедия екенін естен шығармайық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107050-stalindik-repressiia-zhyldary-qazaq-halqy-qansha-ziialy-qauymynan-aiyryldy/