Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асылдың сынығы: Алаш арысы Әлихан Бөкейханұлының ұрпақтары жайлы не білеміз

Жарияланған күні:

Әлихан Бөкейхан
Әлихан Бөкейхан. Фото: gov.kz

"Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деп өмірін ұлтының жолында құрбан қылған Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның ұрпақтары жайында не білеміз? Саяси қуғын-сүргіннің салдары олардың өміріне қалай әсер етті? Материалдан оқыңыз.

Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Бөкейханның тағдыр жолы ұрпағына да әсер етпей қоймаған.

Әлихан Бөкейханов отыздан асқан шағында болашақ жары Еленамен әкесі арқылы танысқан. Яков Севостьяновпен таныстығы достыққа ұласып, уақыт өте келе қызын ұнатып, 1901 жылы Әлихан мен Елена Омбыда некесін қидырады. Екеуінің махаббатынан Зейнеп есімді қыз бен Үгедей есімді ұл бала дүниеге келеді.

Алаштанушылар Әлихан Бөкейханның тұңғышы Зейнеп Алаш көсемінің өзі секілді аса дарынды, білімді болғанын айтады. Зейнеп Әлиханқызы 1903 жылғы 25 сәуірде (кей деректерде 8 мамырда) Омбыда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Зейнеп болғанымен, Мәскеуде паспорт бергенде есімін Елизавета деп жаздырған.

Зейнеп медицина ғылымының докторы, профессор және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер, медицина саласы бойынша ІІІ дәрежелі майор шеніндегі әскери-дәрігер болған.

Зейнеп Әлиханқызы 1927 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің бірінші медицина факультетін тәмамдаған. Ол ұзақ жылдар бойы Денсаулық сақтау министрлігінің аппаратында қызмет атқарған. 1923 жылы Әлихан Бөкейханның шәкірті, Алаштың біртуар азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлымен шаңырақ көтерген.

Смағұл Сәдуақасов пен Зейнеп Әлиханқызы
Смағұл Сәдуақасов пен Зейнеп Әлиханқызы. Фото: alash.kz

1924 жылы Смағұл мен Зейнептің шаңырағында Ескендір есімді ұл баладүниеге келеді.

Ескендір Сәдуақасов 1941 жылы жасы жетпесе де жас қостырып жаздырып, соғысқа аттанады, 1941 жылдың 19 қарашасында КСРО-ны фашистік Германияның басқыншылығынан азат ету жолында ерлікпен қаза табады. Кейбір деректерде Ескендірдің қаза тапқан жері Мәскеу облысының Скирманово елдімекені делінеді.

Ескендердің 15 жасында сұранып, соғысқа аттанғаны, жардан бір, жалғыздан екі айырылғаны жанына батып, аңырап қалған Зейнеп те сұранып, майдан даласына аттанады.

Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы "Зейнеп соғысқа бару арқылы өзін ғана емес, әкесін ғана емес, жалпы Бөкейхан әулетін ақтап алғысы келгенін" айтады.

Ол 1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда алғашқылардың бірі болып Солтүстік-Батыс майданының медициналық госпиталіне қызмет етуге барған. Соғыс аяқталғанша Солтүстік-Батыс майданда дәрігерлік қызмет атқарып, майдан даласынан майор атағымен және көптеген наградамен оралған.

Зейнеп Әлиханқызы бір хатында былай жазған екен:

"Жұмыстан бас алмаймын, зерігуге қол тимейді. Мен өзіме қымбат соншама адамдардан айырылдым, сондықтан өзім бақытты болу үшін күш-қуат іздейтіндей емеспін. Мен толассыз іс үстіндемін – жұрт та айтады, өзім де білемін, жұмысты жаман атқармаймын. Келешекте докторлық диссертация болып қалуы ықтимал, жұмыс әзірлеп жүрмін. Жалпы тұрмысым жаман емес, бірақ бұл нағыз өмір емес қой, менің барымды соғыс жайпап кетті. Кенемнің қазасы нағыз аналық шаттығымды жұлып әкетті ғой, бірақ сол үшін мені кінәлауға бола ма? Мен соның бәріне қайыспай төзе аламын, жұрт, сірә, мен соның бәрін жеп-жеңіл көтереді деп ойлайтын шығар. Саған ғана, бірінші рет осылай жазып отырмын. Зауқың соқса хат жазарсың. Мен ойында қалған адамдардан хабар алсам, мерейленіп қалар едім. Менің атымнан ұлдарыңның бетінен сүй. Бар жақсылықты тілеймін. Лиза".

Әлихан Бөкейханұлы немересі Ескендірмен
Әлихан Бөкейханұлы немересі Ескендірмен. Фото: el.kz

Соғыстан кейін Зейнеп Әлиханқызы 1971 жылға дейін Мәскеуде ғылыми зерттеу институтында еңбек етеді. Ғылым докторы санитария және гинекология саласы бойынша 7-8 еңбек жазған.

Мәскеуде жүріп Макс Клейнман есімді азаматпен бас қосады.

Зейнеп Әлиханқызы өмірінің соңына дейін "халық жауының қызы" деген қара таңбадан арыла алмай кеткен. Сол себепті де туған жеріне орала алмай, 1971 жылы Мәскеуде ауруханада көз жұмған.

Зейнеп Бөкейханқызының бейіті – Мәскеу қаласындағы "Новодевичье" зиратында.

Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедей 1 904 жылы дүниеге келген. Кейбір жазбаларда есімі Үкітай немесе Өкітай деп жазылған. Құжат бойынша аты-жөні – Сергей Александрович Бөкейханов.

"Ол қазақтан шыққан тұңғыш барлаушы-геолог. Ол 1920 жылдардың ортасында Мәскеудегі тау-кен институтын барлаушы-геолог ретінде аяқтаған бірден-бір маман деп айта аламыз", - дейді алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы

Үгедей Әлиханұлы 1929 жылы Мәскеу кен академиясын бітіріп, еңбек жолын Жезқазған жеріндегі Қарсақбай мыс комбинатында бастайды. Жезқазғандықтар оны Ақтай деп атаған. Жас геологтың Жезқазған жеріне табан тіреуіне Қаныш Сәтбаев себепкер болған.  

ССРО Ғылым академиясының Үлкен Жезқазған және Үлкен Алтай проблемаларын талқылауға арналған 1934 жылдың 10-15 қарашасында Мәскеуде өткен ғылыми кеңесінің сессиясында Қаныш Сәтбаев сынды белгілі ғалымдардан соң Үгедей Бөкейханов Жезқазған өңірінде жер астында мыс қорының қандай қатпарда жатқандығын, қанша мыс қорының сақталғаны жайында арнайы баяндама жасаған.

Сергей Бөкейханов ұлы Евгениймен
Сергей Бөкейханов ұлы Евгениймен. Фото: madeniportal.kz

Әкесі Әлихан Бөкейхан "халық жауы" деген нақақ айыппен ату жазасына кесілген кезде, Үгедей де Жезқазғандағы бас инженер қызметінен босатылып, елден шығарылады. Күндердің күнінде елге оралып қалу үмітімен осы жайттан кейін көп жылдар Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарында тұрып, жұмыс істейді. Алаш көсемінің ұлы тіпті жары мен жаңа туған ұлын көру үшін Мәскеуге де бара алмаған. 1938 жылы туған ұлын 10 жасқа толғанда бір-ақ көрген. Осы жылдар аралығында Хакасия жеріндегі екінші жарынан қыз сүйеді.

Ресей жерінде еңбек еткен Үгедей Әлиханұлының геология саласына көп еңбегі сіңген.

Үгедей Бөкейханов 1957 жылы не туған жеріне орала алмай, не Мәскеуге кіре алмай Хакасия жерінде көз жұмған.

Үгедей Әлиханұлына Қарсақпай кентінде қойылған белг
Үгедей Әлиханұлына Қарсақпай кентінде қойылған белгі. Фото: facebook.com/berik.abdygaliuly

Үгедей Әлиханұлының ұрпақтары қазір Ресей жерінде тұрады. Үгедейдің ұлы Евгений техника ғылымдарының кандидаты, доцент атанған, ал немересі Петр заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник. Ресей Ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Қазір Мәскеуде тұрады.

Қазақстандық журналистердің біріне берген сұхбатында Петр Бөкейханов Қазақстанға өмірінде бір-ақ рет келгенін, әкесі де өзі де орыс қыздарына үйленгенін, қазақша да, Қазақстан туралы да білмейтінін айтқан.

"Алаш көсемі Әлиханның қос перзентінің де, олардан тараған ұрпақтарының да тағдыр дәптеріне (Дауһіл-мағфузына) еліне, жеріне қызмет ету жазылыпты. Бақ дарып, құт қонған әулетке солақай саясаттың кері әсері тиіп, тәлкекті тағдырға душар еткені болмаса, ұлт көсемі Әлихан да, оның ұлы Өкітай (Сергей) мен қызы Зейнеп те бүгінгі қазақ елінің болашағы үшін адал қызмет еткен жандар. Өзекті өртейтін өкініш, орны толмас өкініш сол – Алаштың абыройы болған марғасқа тұлғалардың әулетінің бордай тозып, қуғын-сүргінге ұшырауы", – деп жазады алаштанушы Елдос Тоқтарбай.

Ұлты үшін басын бәйгеге тіккен Әлихан Бөкейхан сынды арда азаматтың өзіне де, ұрпағына туған жерден топырақ та бұйырмағаны өзекті өртейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2107704-asyldyng-synygy-alash-arysy-alihan-bokeihanulynyng-urpaqtary-zhaily-ne-bilemiz/