Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауруханаға түскендерді полицейлер күзетіп тұр": Ақтөбедегі төбелеске қатысты жаңа дерек шықты

Жарияланған күні:

Аурухана іші
Аурухана іші. Фото: NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде оқ атып, пышақ жарақатын алған жастарды ауруханада полиция күзетіп тұр. Дәрігерлердің айтуынша, бәрінің де аяғына оқ тиген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасына 28 мамырда түрлі жарақатпен бір сәтте тоғыз адам түсті. Олардың жартысы жедел жәрдем көлігімен жеткізілсе, кейбірі жеке көлікпен өздері келген. Ес-түссіз ауыр жағдайда жеткізілген 18 жастағысы ес жимай көз жұмды. Оның денесінде оқ және пышақ жарақаты болған.

"Түнде сағат шамамен 02:00-де белгісіз біреу жас жігітті әкелді. Оның өмірін сақтап қалу үшін бар жағдай жасалғанымен, көптеген пышақ жарақатынан, оқ жарақатынан көз жұмды. Содан кейін жас жігіттерді әкеле бастады. Барлығы 9 жігіт жеткізілді. Олар 2002-2006 жылғы жігіттер. Кейбірі жедел жәрдем көлігімен келді. Полиция әкелді. Арасында жеке көлікпен жеткізілгендер де бар. Оларға ем-дом көрсетіліп жатыр. Бәрінің жағдайы тұрақты. Оларда оқ жарақаты бар. Аяқтарына батыра тиген. Бәріне күзет қойылды", - деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы травматология бөлімінің ординаторы Жаслан Урумбаев.

Дәрігерлердің айтуынша, жарақат алғандардың барлығы палатада жатыр.

Ал аурухана маңында жарақат алғандардың туыстары жүр. Олар әзірге ештеңе білмейтіндерін айтып, тілшімізге пікір білдіруден бас тартты.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде бірнеше жігіт төбелесіп, бір адам қайтыс болғанын жазған едік. Облыстық полиция департаменті өкілдері қылмыс жасады деген күдікпен төрт адам ұсталғанын хабарлады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2108052-auruhanaga-tuskenderdi-politseiler-kuzetip-tur-aqtobedegi-tobeleske-qatysty-zhanga-derek-shyqty/