Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

4 жыл іздеуде болған: Қарағандыда инкассаторларға шабуыл жасады деген күдікті ұсталды

Жарияланған күні:

Инкассаторға шабуыл жасады деп күдіктелген төртінші азамат
Ұсталған күдікті. Көрнекі фото: polisia.kz

Қарағандыда полиция қызметкерлері 2020 жылдың мамырында инкассаторларға шабуыл жасаған төртінші күдіктіні ұстады. Ол 4 жыл бойы іздеуде болған, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.

Бұған дейін криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында үш күдіктіні ұстаған болатын. Алайда төртінші күдікті ізін суытып үлгерген.

"Тергеу әрекеттері және сот отырысы барысында ұсталғандардың әрқайсы өздерін ақтауға тырысып, барлық кінәні қашып кеткен күдіктіге жаппақ болды", - делінген хабарламада.

Ведомство ақпараты бойынша, полиция қызметкерлері қашып кеткен төртінші күдіктіні үздіксіз іздеу жұмыстарын жүргізген. Осылайша Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері Алматы облысынан халықаралық іздеуде жүрген 38 жастағы ер адамды ұстады.

"Енді 2020 жылдың мамыр айында жасаған қылмысы бойынша жауап береді", - деп жазды ведомство баспасөз қызметі.

Еске салайық, аталған қылмыс 2020 жылы мамырдың соңында пандемия кезінде Қарағандыда болған. Инкассаторларға жасалған шабуыл алдын ала жоспарланған. Әуелі төрт күдікті инкассаторлар мінген автокөлікке соқтығысып, әдейі жол-көлік оқиғасын жасаған. Кейін жол апатына түскен автокөліктен 70 миллион теңге ақша және қаруларын алып, оқиға орнынан жасырынған болатын.

Содан соң полицейлер күдіктілердің үшеуін ұстап, олардан жалпы сомадан тек 30 миллион теңге көлемінде қаражат тәркіленген. Ал төртінші күдіктіге іздеу салынған еді.

Тергеу әрекеттері мен соттың отырысы нәтижесінде ұсталған үш күдікті 10 жылдан 11,3 жылға дейін сотталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2108094-4-zhyl-izdeude-bolgan-qaragandyda-inkassatorlarga-shabuyl-zhasady-dep-kudiktelgen-adam-ustaldy/