"Не істесін, асылып қалсын ба?": Перуашев бұрынғы әріптесінің ұлан-асыр тойы туралы пікірін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомДепутат Азат Перуашев бүгін мәжіліс кулуарында желіде видеосы тарап кеткен бұрынғы әріптесі Мақсат Раманқұловтың ұлан-асыр тойы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын желіде "Қазақстандағы ең қымбат той" деп аталған видео тараған болатын. Telegram-дағы Kris.p.media арнасының мәліметінше, салтанатты шара кәсіпкер әрі экс-депутат Мақсат Раманқұловтың 50 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Тойда автокөлік, пәтер, саяхатқа жолдама сияқты бағалы сыйлықтар ойнатылып, танымал әртістер де өнер көрсетті.
Журналистер Азат Перуашевтан "әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан салтанатты тойдың видеосын көрдіңіз бе" деп сұрады.
"Сұрақты өзіне қою керек (Раманқұловқа – ред. ескертпесі). Ол туған күніне біздің әріптестерімізді шақырды. Бірақ туған күнге барсаң, онда не дайындап жатқанын қайдан білесің? Бұл — бірінші. Екінші, Мақсат Раманқұлов – салмақты кәсіпкер. Жақында ғана тұрғын үйлермен қоса 20-дан астам түрлі нысан салды.
Мына қызықты тыңдаңызшы. Біз оның көмек жинап, Петропавлға жеңіл көліктер мен жүк көліктерін жібергені туралы видео жариялаған болатынбыз. Бірақ бұл туралы ешкім ештеңе көрсетпеді. Оның туған күнін қалай атап өткенін бәрі талқылап жатыр", - деді депутат.
Перуашев БАҚ өкілдеріне Раманқұловтың халыққа қалай көмек көрсеткені түсірілген видеоны таратуға кеңес берді.
"Енді ол не істесін, асылып қалсын ба? Не деген ақымақтық", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2108964-ne-istesin-asylyp-qalsyn-ba-peruashev-buryngy-ariptesining-ulan-asyr-toiy-turaly-pikirin-aitty-video/