Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда тасқын салдарынан ауыз су ластанды: мамандар дабыл қақты (фото)

Жарияланған күні:

Атыраудағы су тасқыны
Атыраудағы су тасқыны. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Атырауда мамандар тасқын салдарынан судың шамадан тыс лайлануын анықтаған. Ішек ауруларының алдын алу үшін мамандар тұрғындардан су ішер алдында сақ болуын ескертеді, деп хабарлайлы KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда Жайық өзені шектік деңгейден асып, 6 метрді құрады. Алайда су тасқыны қаупі сейіліп келеді. Кейінгі екі күнде Атырау қаласында су көтерілмеді.

Жайық тасып, төменге қарай, яғни Атырауға құйылғанда, мол сумен бірге қоқыстар да шайылып келді. Қала орталығымен өтіп жатырған Жайық жағалауының әр бөлігінде қалдықтармен бірге орман ағаштары, бұтақтардың үйінділері жиналып қалған.

Онымен қоса құтқарушылар мал өлекселерін де судан шығарды. Салдарынан краннан ағатын су ішуге жарамсыз күйге түскен. Мамандар тіпті кран суымен жеміс-жидектерді, көкөністерді жууға болмайтынын ескерту жасады.

Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Айгул Искакованың айтуынша, қазіргі уақытта санитарлық қызмет жұмыс режимі күшейді. Ауыз суынан және ашық сулардан сынамалар алынып, мониторинг тұрақты түрде жүргізілуде.

"Жайық, Сағыз, Ембі және Қиғаш өзендерінен 99 сынама алынды. Оның 51 санитарлық-химиялық, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сай келмеді. Бұл көрсеткіштер жыл сайын су тасқыны кезінде қайталанады. Сол себепті біз крандағы суды тамақ пісіруге, жеміс- жидектерді жууға пайдаланбауға кеңес беріп жатырмыз. Ауыз судың лайлануына байланысты нормативтен тыс ауытқулар анықталып жатыр. Сондықтан міндетті түрде бөтелкелердегі суды, қайнаған суды пайдалану қажет",- дейді маман Айгул Искакова.

Атыраудағы су тасқыны
Атыраудағы су тасқыны. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Атыраудағы белгілі эпидемиолог дәрігер Тлепберген Хамзин тасқын салдарынан су ластанып, бұл құбылыс ішек-құрылыс инфекциясының өршуіне әкелуі мүмкін дейді.

"Ресейден шыққан су, Оралға жетіп, кейін Индер, Махамбет аудандарынан өтіп Атырауға келді. Жол бойында даладағы дәретханаларды, мәйіттерді, септиктерді шайып өтті. Барлық ластанған су соңғы нүкте Атырауға келіп құйылып жатыр. Суды міндетті түрде фильтрден өткізіп пайдаланған дұрыс. Әсіресе балалар үшін сақ болу керек. Мұндай кезде ішек аурулары көбеюі мүмкін",- дейді қалалық №4 емхананың эпидемиологы Тлепберген Хамзин.

Атыраудағы су тасқыны
Атыраудағы су тасқыны. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты, жұқпалы ауру деректері әзірге тіркелмеген.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109747-atyrauda-tasqyn-saldarynan-auyz-su-lastandy-mamandar-dabyl-qaqty-foto/