Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құжаттардың астына 20 мың теңге салып қойған": Павлодар тұрғыны полицейге пара бермек болғаны үшін сотталды

Жарияланған күні:

Пара беру
Пара беру. Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Павлодарда зейнет жасындағы азамат тергеушіге 20 мың теңге пара бермек болғаны үшін сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық соттың Facebook желісіндегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, лауазымды адамға пара беруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық істі Павлодар қаласының №2 соты қарады.

"Азамат 2023 жылғы 28 қарашада пара беру мақсатында полиция тергеушісінің кабинетінде үстелде жатқан жұмыс құжаттарының астына 20 000 теңге салып қойған", - делінген хабарда.

Сот мәліметінше, сотталушы параны "Коммунсервис" КММ-нің мамандандырылған тұрағы аумағынан жүк көлігін оған қайтару үшін берген.

Тергеуші құжаттарының астында қаражатты анықтаған кезде өзінің басшылығына жазбаша рапортпен жүгінген.

"Осылайша сотталушының қылмыстық пиғылы өзінің еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеді", - делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттамалық дәлелдемелермен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.

"Заң бойынша, жазаның аса қатаң түрі сотталған адамды түзеу және алдағы уақытта қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатына жетпеген жағдайда ғана одан да қатаң жазаға кесу шешімі қабылдануы мүмкін. Қылмысқа оқталу бойынша жазаның мерзімі мен мөлшері негізгі жазаның ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің 3/4 бөлігінен аспауға тиіс", - деп жазылған Павлодар облысының соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының егде жасын, бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуын әрі оң мінезделуін ескере отырып, 225 000 теңге айыппұл салды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109984-quzhattardyng-astyna-20-myng-tengge-salyp-qoigan-pavlodar-turgyny-politseige-para-bermek-bolgany-ushin-sottaldy/