Түркия Қазақстанға қатысты 20 жылға жуық қолданылған тыйымның күшін жойды
Жарияланған күні:
Түркия өз нарығына қазақстандық өнімдерді жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастады. Қазақстаннан ет импортына салынған тыйым 2005 жылдан бері күшінде болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік ақпараты бойынша, биыл 7 маусымнан бастап қазақстандық өнімді Түркия нарығына жеткізуге кедергі болған бірқатар шектеу алынып тасталды. 2005 жылдан бері құс тұмауына байланысты 2016 және 2022 жылдардан бері аусыл және нодулярлық дерматит бойынша шектеулер қолданылып келген еді.
Бірақ наурызда ауыл шаруашылығының министрі Айдарбек Сапаров Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер министрлерінің Таразда өткен кездесуінде импортқа кедергілер мәселесін көтерген.
Айдарбек Сапаров Қазақстан Түркия, Түрікменстан және Мажарстан нарығына жоғары сапалы ет өнімдерін жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Алайда Түркия нарығы бүгінде ветеринарлық қызметтер желісі бойынша қазақстандық жеткізушілер үшін жабық.
Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап Қытай мен Ресей тарапынан Қазақстанға қатысты аталған шектеулер алынып тасталған.
"Осыған байланысты Түркия тарапымен де бұл мәселені қарауға қайта оралуға болады деп есептейміз", - деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу кезінде Түркия ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гизлигидер Эбубекир мен Айдарбек Сапаров елімізден Түркияға ет өнімдерін әкелу мәселесі талқыланған болатын.
"Мамырда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 91-ші сессиясы аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Түркияның ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Гюмен екіжақты келіссөздер өткізіп, Қазақстаннан Түркияға ет өнімдерін әкелу бойынша тыйымның күшін жою туралы шешім қабылданды.
Түрік тарапы Қазақстан ұсынған есептерді талдап, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына (ДЖДҰ) ұсынып, біздің еліміздің осы аурулармен күресу және оларды жою жөніндегі әрекеттерін жоғары бағалады. Бұл шешім Қазақстандағы агробизнестің жаңа перспективаларын және мал шаруашылығы өнімдеріне қойылатын ветеринариялық талаптарды үйлестіру мүмкіндіктерін кеңейтеді, осы елдер арасындағы сауда қатынастарын нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін ілгерілетудің келесі қадамы ветеринариялық талаптарды үйлестіру болмақ. Бұл мәселелер де ағымдағы жылдың тамыз айында Айдарбек Сапаровтың Түркия Республикасына сапары барысында талқыланатын тақырыптар тізіміне енетін болады", - делінген хабарламада.
Алайда қазіргі таңда Қазақстанның бірқатар өңірінде қой мен ешкі шешегі бойынша әлі шектеулер бар. Министрлік өкілдері қалған тосқауылдарды алып тастау үшін ҚР АШМ ветеринариялық қызметі қажетті шараларды қабылдайтынын сендірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2114994-turkiia-qazaqstanga-qatysty-20-zhylga-zhuyq-qoldanylgan-tyiymnyng-kushin-zhoidy/