Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кім ол соншама": депутат ҚТЖ-ның басқарма төрағасын сынға алды

Жарияланған күні:

Еділ Жаңбыршин
Еділ Жаңбыршин. Видеодан кадр: youtube.com/@mazhilis_kz

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин компанияның есебі тыңдалған сәтте парламентке келмеген ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаевты сынға алды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Бүгін парламентте ҚТЖ-ға көптеген сұрақ болды. Бірақ ҚТЖ-ның президенті жоқ. Сауранбаев деген кім ол? Неге келмейді? Парламентте жұмыс істегеніме үш жыл болды, ол өмірі келген емес. Қайта-қайта осы мәселе көтеріледі, Сауранбаев келмейді. Не қылған адам ол? ҚТЖ-да жемқорлық былығып жатыр, ол мұнда келіп жауап бермейді, орынбасарларын жібереді.

QazaqGaz-ды қараған кезде, бастығы келді, "Самұрық-Қазынаны" қараған кезде, бастығы келді. Ал неге ҚТЖ-ның бастығы келмейді? Кім ол соншама? Сұрақ бар. Барлығын шешетін кадр.

Теміржолшылар тұрып жатқан будкасын қараңыздар. Он тоғызыншы ғасырдағы будкалар. Ұят емес пе? ҚТЖ-ның президенті бір рет те теміржолшылармен кездескен жоқ. Олардың мәселесін тыңдаған жоқ. Қанша ереуіл болды, біреуіне де барған жоқ. Кім ол соншама? Депутаттан мықты ма ол соншама? Бұл деген дұрыс емес", - деді Жаңбыршин.

Сондай-ақ депутат Қазақстан мен Ресей теміржол тасымалының табысын салыстырды.

"Олардың 2023 жылғы көрсеткіштері – 737 млрд рубль, біздің ақшамызға шақсақ, 3,7 трлн. Оларда амортизация, салық т.б. алмаған кездегі кіріс осындай. Біздің ҚТЖ-да 3 трлн қарыз бар", - дейді депутат.

Жаңбыршин "барлық қазақстандық ұлттық компанияны парламентке шақырып, ақшаны қайда жұмсап жатқанын сұрау керек" деген ұсыныс айтты.

"Менде мынандай ұсыныс бар. Парламентке ҚТЖ-ны шақырып, бүкіл мәселесін майшаммен қарау керек. Мемлекеттің қаржысын ала береді. Басқа жерге ақша жетпей жатқан кезде біз соған құя береміз. Ал олар қарызға батыра береді. Ондай менеджерлерді жоқ қылу керек...

Неге мұнда басқа ұлттық компанияларды шақырмаймыз? "ҚазМұнайГазды" шақырайық, "Қазатомпромды" шақырайық. Конституция бойынша, елдің байлығы халықтікі емес пе? Шақырып, ақшаның бәрі қайда кетіп жатқанын тыңдайық. Бонустары, еңбекақылары, үйлері, көліктері қандай олардың? Ол елдің ақшасы. Сондықтан "ҚТЖ" күздегі сессияға парламентке дайындалып келсін. Олар қашанғы халықтың байлығын қалтасына басып, шалқып жүреді? Халықтың жағдайын қашан ойлаймыз біз? Олардың өтірігіне сеніп отыра береміз бе? Олай болмайды" - деді Жаңбыршин.

Ол қажет болса, парламентте осы мәселе бойынша комиссия құру керек екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116170-kim-ol-sonshama-deputat-qtzh-nyng-basqarma-toragasyn-synga-aldy/