Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Фонтан орнына бассейн салынған": Алматы әкімдігі "Қазақстан" қонақүйін сотқа берді

Жарияланған күні:

"Қазақстан" қонақүйі
"Қазақстан" қонақүйі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы әкімдігі "Қазақстан" қонақүйіндегі субұрқақтың бір бөлігін бассейнге айналдырғандардың үстінен сотқа арыз түсірді. Қонақүйдегі тарихи субұрқақтың бір бөлігінің бассейнге айналдырылғанын алматылықтар байқаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жақында Instagram-дағы almaty.tourstudio парақшасында "Қазақстан" қонақүйінің 15-қабатынан түсірілген фотосуреттер жарияланды.

"Өздеріңіз көріп отырғандай, қонақүйдің тарихи субұрқағының жартысы жабылған, ал оның орнында бассейн тұр. Оның үстіне субұрқақтың бастапқы құрылымы оң жаққа қарай жылжытылған. Көше жақтан бассейн тұрғанын көріп, қалалықтарда сұрақ тумауы үшін оның айналасын "әдемі" етіп жасыл желекпен жауып қойыпты", - делінген жазбада.

Ал қала әкімдігі өкілдері субұрқақты өз бетінше жаңартқаны үшін "Қазақстан" қонақүйі иесінің үстінен сотқа талап арыз берілгенін мәлімдеді.

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, "Қазақстан" қонақүйінің жанындағы субұрқақты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсатсыз жүргізілген.

"Нысанда жұмыс тоқтатылды, "Crown Star" ЖШС меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде бұзушылықтарды жоюға нұсқама бере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1, 321-бөлігі бойынша шаралар қабылданды. Бүгінде басқарма ұйғарымды мәжбүрлі орындау үшін сотқа талап-арыз береді", - делінген ведомство хабарламасында.

Алматы қаласы мәдениет басқармасының хабарлауынша, қонақүйдің жанындағы бұл субұрқақ ескерткіш болып саналмайды, алайда ол күзет аймағының аумағында орналасқан.

"Қазақстан" қонақүйінің ғимараты Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы қаулысына сәйкес, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.

Осыған байланысты нысан аумағында қандай да бір құрылыс немесе жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін меншік иесіне тиісті ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау және ғылыми-реставрациялау жұмыстар жүргізу қажеттілігін негіздеу қажет. Алайда бұл орындалмады, ғимараттың иесі басқармаға жүгінбеді", - деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Олардың мәліметінше, биыл сәуірде Мәдениет басқармасының қызметкерлері шағым түскен нысанды тексеріп, "Crown Star" ЖШС қонақүй иесінен күзет аймағының аумағында құрылыс жұмыстарын тоқтатуды және бұзушылықтарды жоюды талап еткен.

Бұған қоса, 2024 жылы 24 мамырда Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасына қонақүй иесін жауапкершілікке тарту туралы сұрау жіберілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116215-fontan-ornyna-bassein-salyngan-almaty-akimdigi-qazaqstan-qonaquiin-sotqa-berdi/