Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағаштар қурап барады": "Бурабай" ұлттық паркінің мамандары дабыл қақты (видео)

Жарияланған күні:

Ағашқа байланған байлаулар
Ағаштағы байлау. Видеодан кадр: instagram.com/parkburabay

"Бурабай" ұлттық паркінің әкімшілігі қазақстандықтардың ағаштарға келтіретін зиянын көрсететін видео жариялады. Бұтаққа байланған жіптердің кесірінен ұлттық парктегі ағаштар қурап барады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бурабай" ұлттық паркінің Instagram-дағы ресми парақшасында ағаштарға байланған жіптерге байланысты қазақстандықтарға үндеу жарияланды.

"Мына кадрларға қараңыздаршы. Біздің ұлттық парктегі ағаштар бұтақтарда қалған байлаулардан зардап шегіп жатыр. Целлофан, мата және пластмасса талшықтарынан жасалған байлаулар бұтақтардың өсуін тоқтатып, өсімдіктерге зиян келтіреді. Ағаштар күннен-күнге қурап, күші мен сұлулығынан айырылады.

Баршаңызды табиғатқа ұқыпты қарауға және ағаш бұтақтарында қоқыс қалдырмауға шақырамыз", - деп өтініш білдірді ұлттық парк мамандары демалушыларға.

Бұған қоса бүгін Бурабай орманшылығының инспекторлық құрамы мен оқушылар ұлттық парк аумағындағы ағаштардың бұтағына байланған 15 мыңнан астам байлауды жинаған.

"Адамдардың ырымдап таққан байлаулары өсімдіктердің еркін өсуіне кедергі келтіреді. Әр түрлі материалдардан жасалған заттар ағаштардың өсуі мен дамуын қиындатады, жарық пен көміртегін қабылдауына жол бермейді. Ағаш бұтағындағы материалдар ылғалды сіңіріп алады, бұтақтарды зақымдайды. Сонымен қатар пластиктен жасалған байлаулар өте баяу ыдырайды, экожүйе үшін ұзақ мерзімді проблема туғызады", - дейді орман шебері Айбек Ақжүніс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116449-agashtar-qurap-barady-burabai-ulttyq-parkining-mamandary-dabyl-qaqty-video/