Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құрбандықты айтқа дейін шалуға бола ма: Құрбан айтқа қатысты жиі қойылатын сұрақтар

Жарияланған күні:

жаңа мешіт
Фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

Құрбан айт – адамның ішкі ниеті, шынайы пейілі, дініне бекемдігі, тақуалығы, өзге адамдарға жанашырлығы таразыға түсетін мейрам. Ораза айттан ерекшелігі – құдай жолында құрбандық шалынатындығында. Құрбан айтқа, құрбандық шалуға келгенде ел арасында әлі де түрлі сұрақ туындап жататынын аңғаруға болады. Бұл материалда дін мамандарының пікіріне сүйене отырып, пікір алуандығын туғызған кей сұрақтың жауабын ұсынғанды жөн көрдік.

Құрбан сөзінің "Ислам ғылымхалы" еңбегінде келтірілген анықтамасына сүйенсек, "жақындау" деген мағынаны білдіреді екен. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.

Ел арасындағы көптеген түсініспеушілік осы құрбандық ретінде шалынатын малға келіп тірелетінін байқауға болады.

Бір ұсақ малды бірнеше адам бірігіп құрбандыққа шала ала ма?

Ел ішінде ең көп таралған қателік те осы. Бұған шариғат не дейді?

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады.
Қой
Қой. Көрнекі сурет: pixabay.com

Түйе мен ешкіні шамасы жетсе бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады.

"Ханафилер жеті адам бірігіп құрбан шалған жағдайда, барлығының ниеті құрбандық болуы шарт. Егер де араларынан біреуі құрбандықтан басқаны (мысалы, тек ет алуды) ниет етсе, барлығының құрбаны жарамсыз боп қалады. Өйткені қан ағызуда барлығының ниеті бір болуы керек", - деп жазады "Ислам ғылымхалы" кітабының авторлары.

Құрбандықты айтқа дейін не айттан кейін шалуға бола ма?

Дінтанушы Абдусамат Қасым Ханафи мазхабында құрбан шалу уақыты үш күн екенін айтады: айттың бірінші күні, екінші күні, үшінші күні күн батқанша. Осы үш күн аралығында құрбан шалынуы керек. Алайда құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал.

"Айт намазы оқылмай құрбан шалынбайды", - дейді дінтанушылар.

Құрбандық шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Сәждеде жатқан ер адам
Ер адам намаз оқуда. Көрнекі фото: Рexels.com

"Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.

Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.

Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жай садақа болып қалады. Қазақ дәстүріндегі шектік рәсімі осыған тура келеді.

Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген", - деп жазады дінтанушы Хасан Аманқұл.

Жолаушы да құрбан шалуға міндеттеле ме?

Ислам дінін зерттеушілер 90 шақырымнан астам жерге сапарға шыққан адамға құрбандық шалуы міндетті емес екенін айтады.

Бірақ нәпіл ретінде құрбандық шалса, сауапқа кенеледі.

"Алайда жолаушы айт күндерінің демалысын пайдаланып немесе басқа да себептерге байланысты сапарлап барған жерінде құрбан шалуына рұқсат етіледі. Оның сапарға шыққаны құрбан шалуына және құлшылығының қабыл болуына кедергі болмайды.

Жолаушы сапарда жүріп құрбан шалып, айт күндері бітпей жатып үйіне қайтса, оған екінші рет құрбан шалу міндетті емес. Сондай-ақ айт күндерінің басында тұрғылықты болып, кейін айт күндерінің ішінде сапарға шықса да оған құрбан шалу міндеттелмейді. Ал егер айттың бірінші күні сапарда болып құрбан шалмаса, кейін айт күндері үйіне қайтса, оған құрбан шалу тиіс болады", - деп түсіндіріледі діни еңбектерде.

Құрбандыққа шалынған мал буаз боп шықса, не істеу керек?

Дінтанушылар құрбан шалу үшін буаз малды таңдамаған жөн екенін айтады.

"Дегенмен, буаз да болса, құрбандыққа шалынған жағдайда, құрбандық ретінде саналады", - деп жазады Абдусамат Қасым.

Оның діни еңбектерге сүйеніп жазуынша, буаз мал құрбандыққа шалынған жағдайда, ішінен төлі тірі шықса, ол да бауыздалып, еті таратылады. Бауыздағанға дейін айт күндері өтіп кетсе, тірідей садақа етіп беріледі.

Қолға ұстап тұрған қозы
Әйелдің қолындағы қозы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ал төлі өлі шықса, Имам Ағзам Әбу Ханафи бойынша, төлдің еті адал емес, арам өлгенмен тең. Алайда оның екі шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед ондай кезде іштен шыққан төлге қарау керек екенін айтқан.

"Егер ағзалары толыққанды жетілген болса, еті адал, өйткені анасының бауыздалуы ішіндегі төліне де жарайды. Ал ағзалары толыққанды жетілмеген болса, еті адал емес", - деп түсіндірген олар.

Буаз мал құрбандыққа шалынбай туып қалса, дінтанушы оның төлі де құрбандыққа шалынатынын айтады. Бірақ төлдің етін мал иесі садақа ретінде беруі керек.

Неге жылқы малын құрбандыққа шалуға болмайды?

Бұл сұраққа келгенде дінтанушылар Алла тағаланың Құрандағы мына бұйрығына сүйенеді: "Біз әрбір үмбет үшін өздеріне берілген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені Құдайларың – бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуант".

Көріп отырғанымыздай, Құран кәрімде қандай малдың құрбандыққа шалынатыны нақтыланған.

"Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуға тиіс. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр", - дейді дінтанушы Абдусамат Қасым.

Жылқы малы. Көрнекі сурет
Жылқы малы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Дін – аса нәзік сала болғандықтан да, қандай да бір сұрақ туған жағдайда, ең алдымен шариғат заңына, дін ғұламаларының тұжырымына иек артқан жөн дер едік. Шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116482-qurbandyqty-aitqa-deiin-shaluga-bola-ma-qurban-aitqa-qatysty-zhii-qoiylatyn-suraqtar/