Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтаудың бірнеше өңірінде тұрғындар бір аптаға жуық сусыз отыр

Жарияланған күні:

Ақтау
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтау тұрғындары тағы да ауыз сусыз қалды. Кейінгі бір аптада тіршілік нәрі тіпті сыздықтап ағып тұр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Аптапта жұрт амалсыз жолды жауып, наразылық білдіре бастаған. Ал әкімдік өкілдері су жүйесінде қысым жетпей жатқанын жасырмайды. Бірақ мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді. Өйткені қаладағы ауыз су тапшылығын жою үшін алты жоба жасалған. Олар кезең-кезеңімен іске қосылмақ.

Телеарна хабарына қарағанда, әкімдікке мәселені айтып бірнеше рет барғанымен, құлақ асар жан жоқ дейді жиналған жұрт.

"Төрт балам бар, басқа ата-аналар, жас отбасылар бар. Не баланың киімін жуа алмаймыз, не тамақ пісіре алмаймыз, не үй жуа алмаймыз. Бұл не сұмдық? Халықтың шыдамы таусылды. Халыққа жаны ашитын болса, әкімшілік неге су тасып әкеліп бермейді. Үш жыл болды, сумен үнемі проблема", - дейді Гаухар Башиева.

"Айқай шығарғанда ғана үш сағатқа су қосады. Түнімен бағып жаттым. Кір машинаны қосайын десем, сөніп қалды. Келген жоқ, таңертең ерте тұрып қарадым, тіпті су тамған жоқ. Күнде көретініміз осы. Жазамыз, әкімшілікке соқтым, "жұмыс істеп жатырмыз" дейді", - дейді Алтынгүл Тілекбаева.

Осы мәселе бойынша бүгін қала әкімі шұғыл брифинг өткізіп, бірнеше мәселенің себебін атап өтті. Қалада халық саны көбейген, инженерлік желілер ескірген әрі су тұщыту зауытында ақау шыққан. Қазір тәулігіне 48 мың текше метр су өндіріліп, қысым төмендеген дейді шенеуніктер.

"Қыста тұтыну көлемі 32 мың, жазда көрсеткіш 52 мың текше метр. Жазға 20-25 мың жетпейді. Ақтау тұщыту зауытында екі насос істен шықты. Кеше түнде насос іске қосылды. Тағы біреуі қосылады. Алдыңғы аптада көлік жуу станцияларының басшыларымен кездестім. Ауыз суды техникалық су ретінде пайдалануға болмайды", - дейді Ақтау әкімі Ұлықбек Тінәлиев.

Ақтаудағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында алты жоба дайындалған. Маусым айының соңына дейін "МАЭК" аумағында тәулігіне алты мың текше метр су тұшытатын қондырғылар іске қосылмақ. Сондай-ақ жеке инвестор есебінен салынған тәулігіне төрт мың текше метр су тұшытатын қондырғы да тамыз айында пайдалануға беріледі. Сондықтан тұрғындар сәл шыдаса, су мәселесі шешіледі дейді шенеуніктер.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116521-aqtaudyng-birneshe-ongirinde-turgyndar-bir-aptaga-zhuyq-susyz-otyr/