"Кінәмді ішінара мойындаймын": Шымкентте "ең әділ полицейге" қатысты сот процесі өтіп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русскомШымкентте желі қолданушыларының арасында "ең әділ тәртіп сақшысы" атанған полицейге қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл туралы Otyrar.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Басылымның жазуынша, көптеген қазақстандықтың арасында құқық қорғау органдарының ең адал қызметкері атанған Азамат Айымбетовке қатысты бопсалай отырып, пара алды деген айып тағылған.
Ведомство ақпараты бойынша, сотта айыпталушының жүзін түсіруге болмайды. Айыптаушы тараптың айтуынша, Айымбетов жүргізуші мен оның құрбысынан пара берсе, әкімшілік жауапкершілікке тартпаймын деп уәде еткен. Ол 700 мың теңге көлемінде ақша алған деп айыпталуда.
"Құрметті сот, мен өз кінәмді ішінара мойындаймын, ешкімді бопсалаған жоқпын, сондықтан мен өз кінәмді ішінара мойындаймын", - деді Айымбетов.
Басылым мәліметіне сүйенсек, оқиға былтыр 30 желтоқсанда болған. Сол кезде полиция қызметкерлері алкогольге мас күйде көлік жүргізді деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғынын тоқтатқан. Алайда сот отырысында жүргізуші сол күні алкогольді ішімдік ішпегенін айтты. Сонымен қатар оның экс-полицей Айымбетовты бұрыннан танитыны белгілі болды.
"Мен ішімдік ішкен жоқпын. Менен трубкаға үрлеуімді сұрады. Мен бас тарттым. Содан кейін мені бірнеше сағат бойы сол жақта ұстап тұрды. Кейін Азамат келді. Ол маған "не істеп жатырсың? Тексеруден өткенің жөн" деді. Ал мен Азамат Айымбетовты танимын. Біз араласатынбыз. Мен оған сеніп, сараптама үшін қан тапсырдым. Ол менен ақша сұрайтынын қайдан білейін", - деп жазады басылым.
Сондай-ақ сотқа оқиға орнында болған тағы екі полиция қызметкері куәгер ретінде қатысқан. Іс материалдарының ақпаратына сәйкес, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері көлік иесі заңбұзушылық жасағанын анықтағанымен, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырмаған.
"Тәртіп сақшылары өз әрекеттерін дәл сол сәтте арнайы құрылғы, яғни планшет істен шыққанын айтып, ақталды", - деп жазады басылым.
Еске салайық, биыл наурызда Шымкенттегі патрульдік қызмет полкінің рота командирі Азамат Айымбетовке қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Кейін ол соттың санкциясымен қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Азамат Айымбетов қазақстандықтарға Шымкент жергілікті полиция қызметінің басшысы Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен шағымданып, видеоүндеу түсіргеннен кейін танымал болды. Оның айтуынша, бастығы оны өзіне қымбат заттар сатып алуға мәжбүрлеген.
Осыдан соң жергілікті полиция қызметінің басшысы ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (Қызметтік бабын пайдаланып жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғаған, алайда сотқа ҚК 362-бабының 2-тармағы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша материалдар келіп түскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2116641-kinamdi-ishinara-moiyndaimyn-shymkentte-eng-shynshyl-politseige-qatysty-sot-protsesi-otip-zhatyr/