Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Басқа бағдарламалардан құр қалдық": Алматыда жалдамалы пәтерге өтініш бергендердің тізімі әлі шықпаған

Жарияланған күні:

Ақша және баспана
Ақша және баспана. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Алматыда жарты жыл бұрын "Алматы жастары" бағдарламасымен жалдамалы пәтерге өтініш бергендер әлі күнге дейін үймен қамтылмаған. Бұл туралы "КТК" телеарнасы хабарлайды.

Телеарна тілшісінің мәлімдеуінше, 35 жасқа дейінгі жастардың жалдамалы пәтерге өтініші өткен жылдың желтоқсан айында қабылданған. Алматы қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысуға екі жарым мыңға жуық жас өтінім беріпті. Өтініш берген жастардың айтуынша, бір айға жуық уақыт ішінде құжаттары қаралып, пәтеріне орналасуы керек болған.

"Заңға сәйкес, жастар саясаты ережелері бекітіліп, 30 жұмыс күні ішінде Алматы қаласының басқару органы жұмыс істейді. Бүгін 12 маусым. "Кезекте" сайтында 7 ай бойы әлі де өңделіп, қаралып жатқан 34 өтініш бар. Бірақ басшылық байланысқа шықпайды және жауап бермейді. Әлі пәтерлер дайын емес дейді. Балалы отбасылар көп болғандықтан, біз үшін тізім алу маңызды. Жаңа оқу жылында кімнің қайда тұратынын шешу керек", - дейді Дана Қинаятова.

Қала тұрғыны Назерке Советбекова алты ай өтсе де, қорытынды шықпағанын айтады.

"Үш мыңнан астам адам құжат тапсырды. Әлі күнге дейін мәселенің неде екенін айтпады. Ай сайын, апта сайын тұрғын үй басқармасына хабарласамыз. Қаңтарда, ақпан айында қорытынды шығады, наурызда кілтті аласыз деді. Ал наурыз айында, сәуірде нәтиже шығады деді", - дейді ол.

Сабина Жұбанышова екі баланың анасы. Жақында үшінші сәбиін күтіп жүр. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып жүргеніне төрт жыл болыпты. Баспаналы болсам деген үмітін үзбеген ол биыл да бағын сынап көрген.

"2023 жылдың желтоқсан айында қайтадан конкурс басталған болатын, сол конкурсқа қатыстық, алайда ол конкурстың жауабы шықпағанына алтыншы ай болып жатыр. Қоңырау шалған кезде "әр айдың соңы", "әр айдың ортасы шығады" деп айтады. Үнемі әртүрлі жауап айтады, көбіне қоңырауды алмайды, өзіміз осы жерге келуге мәжбүрміз", - дейді ол.

Ал әкімдік өкілі мәселе маусым айының соңына дейін шешілетінін айтып, сендірген.

"2023 жылы желтоқсан айында жұмыс жастарға арналған жалдамалы пәтер бойынша конкурс өткізілді. Нақты кезеңде 2100 пәтер өзінің басқару балансына қабылданып болғаннан кейін біздің жоспар бойынша осы айдың аяғына дейін конкурс нәтижелері бойынша ақпарат ұсынамыз", дейді Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Бағдарлама бүгінде Астанамен Алматы, Шымкент қалаларында ғана қол жетімді. Өзгерістерге сәйкес бұдан былай пәтерлер үш жылға беріледі. Ал баспананы жалдау ақысы айына 15 мың теңгеге дейін.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2117289-basqa-bagdarlamalardan-qur-qaldyq-almatyda-zhaldamaly-paterge-otinish-bergenderding-tizimi-ali-shyqpagan/