Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енеді: қандай өзгерістер болады
Жарияланған күні:
Сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасын қатайтатын заңға қол қойған болатын. Жақында күшіне енетін бұл құжат туралы Ішкі істер министрлігі егжей-тегжейлі мәлімет берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомство өкілдері өткен жылы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен заңға түзетулер енгізілгенін атап өтті. Полиция зорлық-зомбылық фактісін тіркеудің анықтау сипатына көшті, яғни, агрессорды жәбірленушінің арызынсыз-ақ жауапқа тарту мүмкіндігі пайда болды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұған дейін көп жағдайда жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты үй тирандарына қатысты шара қолдану қиынға соғып келген. Тәртіп сақшылары заңға тағы қандай түзетулер енгізілгенін айтып берді.
"Кісі өлтіру бабында баланы өлтірген жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру деген жаза қосылды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру мен орташа ауырлықта зиян келтірудің жазаларынан біз бостандықты шектеу жазасын алып тастадық. Алдағы уақытта олар тек қана бас бостандығынан айырылатын болады. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру баптары осы жаңа заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ тағы да айта кетейін, "қинау" деген бап бар. Сол қинау бабы бойынша да бас бостандығын шектеу жазасы алынып тасталды. Жаза – тек бас бостандығынан айыру.
Қылмыстық кодекске бұрын болмаған жауапкершілік енгізілді. Ол бойынша 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жыныстық қолсұғушылық жасаған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Заң "әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету” деп аталғанымен, барлық азаматтың құқығы бірдей қорғалады.
"Көптеген жағдай кездеседі. Ер адамдардың әйелдерге күш көрсетуі ғана емес, кейде әйелдердің өзі агрессия көрсетіп жататын кездер болады. Бағынбаушылық білдіріп, қызметкердің талаптарын орындамай… Жалпы полицияға ер адамдар да, қыз-келіншектер де, жасөспірімдер де хабарласып жатады," - деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Шыңғыс Ахимов.
"Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына отбасының барлық мүшелері жатады. Тіптен бұрын бірге тұрған азаматтар, бұрын ерлі-зайыпты болған ажырасқандар немесе ортақ баласы барлар, бір үйде бірге тұратындар, сондай-ақ жақын туыстардың барлығы жатады. Бұл жерде жәбірленуші отбасының кез келген мүшесі бола алады. Сондықтан жәбірленуші кім болса да, оған кез келген көмек көрсетіледі", - дейді Ақмарал Серікбаева.
Жалпы заңның негізгі мақсаты – қылмыстық қудалау емес, керісінше тұрмыстық саладағы қайғылы жағдайлардың алдын алу, адамдардың өзінің әрбір әрекетіне деген жауапкершілігін арттыру.
"Мұндай санаттағы істер әрдайым біздің бақылауымызда. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтірудің қылмыстандырылуына байланысты бастапқыда арыздар көп болуы мүмкін. Бірақ одан кейін арыздар азаяды деп ойлаймын. Біз бұған дейін де денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіру істерін тергеп келдік. Осы жаңа заң жәбірленушілердің құрбан болуының алдын алуға бағытталған", - деді Астана қаласы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Алима Жамалиева.
Ведомство өкілдері заңда тағы бірқатар маңызды мәселе қарастырылғанын атап өтті. Енді кәмелетке толмағандарды кез келген көлік түрінен мәжбүрлі түрде шығарғандар, балаларын қауіпті жағдайда қалдырған ата-аналар және кез келген азаматқа қатысты буллингке жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2117313-zhaqynda-turmystyq-zorlyq-zombylyq-turaly-zang-kushine-enedi-qandai-ozgerister-bolady/