Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық Олимпиада комитеті Назарбаев университетімен бірлесіп жұмыс істемек

Жарияланған күні:

Екі ұжым басшылығы
Екі ұжым басшылығы: ҰОК

Бұл туралы Астанада екі ұжым басшылығы келісімге келді. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен NU Университеті арасындағы ынтымақтастық Меморандумына ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева мен NU вице-президенті әрі медицина Мектебінің деканы Массимо Пиньятелли қол қойды. 

Ынтымақтастық спорттық ғылым мен білім саласында құрылмақ. Әріптестік аясында бірлескен білім беру жобаларын іске қосып, спортшыларға, бапкерлерге, төрешілер мен спорт  менеджерлеріне арналған халықаралық семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу, сондай-ақ, спорттық медицина мен оңалту саласындағы ғылыми жобаларды жасау жүзеге асырылмақ. 

Келісім аясында NU базасында болашақта әлемдік стандарттарға сай спорттық ғылым мен білім жолындағы мамандар шоғырын дайындауға мүмкіндік беретін спорт Мектебін ашу жұмысы жоспарлануда. Бұл  ынтымақтастық әлемдік тәжірибелерге сай спорттық ғылым мен білім саласындағы ұзақмерзімді серіктестіктің негізін қалайды.

«ҰОК басшысы  Геннадий Геннадьевич әу бастан бізге сөзбен емес, іспен дәлелдеу керектігін ескерткен. Осы тұрғыдан біздің көзқарасымыз Университет басшылығының ұстанымымен ұқсайтынын айта кету керек. Келісімге қол кою мүмкіндігі бүгін туғанымен, барлық жұмыс наурыз айында Пиньятелли мырзамен кездескен соң басталып кетті.

Қазіргі таңда сегіз студент төрт ұлттық федерацияда тәжірибеден өтіп, құрама команда спортшыларымен жұмыс істеуде. Университет қызметкерлерімен бірге спорттық медицина және оңалту саласындағы ғылыми зерттеулер бағытында жұмыс істелініп жатыр. Біздің жоспарымызда атлеттер мен бапкерлердің дамуына арналған білім саласындағы жобалар да бар.

Осы орайда, біз  NU басшылығына бастамалары мен қолдауы үшін алғыс білдіреміз», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева. 

Сондай-ақ, бас хатшы спорттық медицина мен оңалту заманауи спорттың  ажырамас бөлшегі екенін және бұл сала жыл өткен сайын жаңашыл және бәсекеге қабілетті болып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан ҰОК аталған саланың және жалпы спорттық білімнің дамуын  назарда ұстауды жалғастырады. 

Екі ұйым басшылары атап өткендей, олар бірлесе жұмыс істейтін серіктестерді өте мұқият түрде таңдайды, сондықтан, бұл келісімге қол қою жай ғана «көрсетілім» үшін жасалмайды, керісінше, шынайы жұмыстармен жалғасатын маңызды оқиға ретінде қарастырылады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2117913-ulttyq-olimpiada-komiteti-nazarbaev-universitetimen-birlesip-zhumys-istemek/