Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір үйден үш тергеуші: Атырау облысында бір салада қызмет ететін бауырлар мамандығы туралы айтты

Жарияланған күні:

Атыраулық полицейлер
Атыраулық тергеуші бауырлар. Фото: Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі

Атырау облысында бір отбасынан үш тергеуші ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Әпке жолын қуған бауырлар мамандық таңдаудан қателеспегенін айтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Соңынан ерген бауырларына үлгі бола білген полиция подполковнигі Айгерім Абенова ішкі істер органдарына 2005 жылдан бері қызмет етеді. Ол еңбек жолын Құрманғазы ауданында тергеуші лауазымында бастаған. Айгерім – қазіргі уақытта Атырау қаласы полиция басқармасының Тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі.

Айгерім бұл мамандықты бала күнінен армандаған. Алайда ата-анасы қарсы болған.

"Менің ішкі істер органдарында қызмет атқарғаныма 20 жылдай уақыт болды. Тергеу саласы өте жауапты сала, мұнда біз кез келген қылмыстың жан-жақты тергелуіне бар кәсіби білімімізді саламыз. Өйткені тергеуші жан-жақты болуы керек. Тергеуші болуды мен бала күнімнен армандаған едім, міне сол арманыма жеттім. Алғашында ата-анам бұл ойымды құптамай, қарсы болған. Алайда бүгін ата-анамыз білікті маман болғанымыз үшін бізді мақтан етеді. Артымнан ерген бауырларым да өз ісінің мамандары, тергеу басқармасы саласындағы жетістіктері жетерлік. Екеуі де қызметтерінде алдыңғы қатарда. Өзімнің осы кәсіби салада жиған-терген ақылымды бауырларыма айтып отырамын. Себебі біз барлығымыз осы бір салада қызмет етеміз", - дейді Айгерім Абенова.

Ал сіңлісі Ботагөз әпкесінің жолын қуып полицей болдым дейді. Ол 2014 жылдан бастап Ішкі істер органдарына қызметке кіріскен. Бүгінде Атырау облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры.

"Менің тергеу саласына келуіме себепкер болған – әпкем Айгерім. Себебі оның киім-киісі, жүріс-тұрысына, формасына қарап, қызығып бой түзегенім жасырын емес. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады, соның бірі мамандық таңдау екендігі баршаңызға мәлім. Мен өз таңдауымнан қателеспедім. Тергеу саласына келуімнің ең сәтті тұсы - бұл осы салада қызмет атқаратын әпкемнің бары. Ол менің өмірдегі ең үлкен тәлімгерім", - дейді ол.

Апалы-сіңілі Абеновалардың немере інісі Ғайниев Ернар да осы салада қызмет етеді. Ол Атырау облысы Құрманғазы ауданы Тергеу бөлімшесінің тергеушісі лауазымында қызмет атқарады. Шені – аға лейтенант.

"Менің тергеу саласында қызмет атқарып жүргеніме үш жыл болды. Ең алғаш департаментке аяқ басқаннан бастап маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін сездім. Өйткені бұл жерде менің екі бірдей бауырым қызмет атқарады. Олардың бірі полиция майоры болса, бірі – полиция подполковнигі. Олардың атына кір келтірмей, бар күш-жігерімді салып, мінсіз қызмет атқару мен үшін екі есе міндет. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл болашақ кепілі. Себебі жақындарыңыздың қолдауы кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі", - дейді Ернар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2118681-atyrau-oblysynda-politsiia-qatarynda-bir-otbasynan-shyqqan-ush-tergeushi-qyzmet-etip-zhur/