Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте алты баланы асырап алған "емшіге" қатысты сот шешімі шықты

Жарияланған күні:

Сот балғасы
Сот балғасы. Көрнекі фото: seb_ra / Getty Images

Шымкентте алты баланы асырап алып, ит-мысықтың етін берді деп күдікке ілінген "емшіге" қатысты сот шешімі жарияланды. Сот Ұлықбек Смановқа қатысты психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шешім шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR,KZ Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ұлықбек Смановқа қатысты жабық сот отырысы өтті.

"У.Смановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау), ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) ,2) тармақтары (азаптау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы өтінішхатымен келіп түскен қылмыстық істі қарады", - делінген сот хабарламасында.

Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, У.Сманов созылмалы және психикалық аурумен ауырады және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған. Бұл жағдай заң бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуды жоққа шығарады.

Сот Қылмыстық кодекстің 16-бабына сәйкес Смановты қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған мамандандырылған психиатриялық стационарда емдеуге мәжбүрлеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ Шымкент қалалық полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша жеке қаулылар шығарылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Шымкентте алты баланы асырап алып, ит-мысықтың етін берді деп күдікке ілінген "емшіге" қатысты сот отырысына Ұлықбек Смановтың әпкесі мен қорғаушысы келіп, тың деректер айтқан болатын.

"Сотталушы Ұлықбек Сманов сонау 1995 жылдан бері психикалық диспансер есебінде тұрған. Жастайынан шизофрения диагнозы қойылған ер адам алты рет үйленген. Және жүйке жүйесінің әлсіздігіне байланысты некенің бәрі ажырасумен аяқталған. Сондай-ақ ол 1993 жылы абайсызда адам өлтіріп сотты болған. Бірақ онда да психикалық ауытқушылығына байланысты ауыр жазадан құтылған. Бірер жылдан соң бостандыққа шыққан. Адвокат сөзінше, шымкенттік бұл жолы да темір торға тоғытылмай, ауруханаға жатқызылуы мүмкін", - дейді сотталушының қорғаушысы Убадулла Нұрманов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2119689-shymkentte-alty-balany-asyrap-algan-emshige-qatysty-sot-sheshimi-shyqty/