Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаева киіз үйде ашық-шашық киініп билегендердің видеосы туралы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Аида Балаева
Аида Балаева. Фото: Министерство культуры и информации РК

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желіде жарияланған киіз үйде ашық-шашық киініп билегендердің резонанс туғызған видеосы туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видео әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде жарияланған еді.

"БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

Осы орайда мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді", - деді министр.

Оның айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді және ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді.

"Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз. Мен медиа-процессте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.

Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз", - деп жазды парақшасында ведомство басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2119740-balaeva-kiiz-uide-ashyq-shashyq-kiinip-bilegenderding-videosy-turaly-pikir-bildirdi/